Биыл Оңтүстікте Шәмші әндері жоғары дәрежеде дәріптелмеуі мүмкін

491
Іріктеу шарасына 41 өнерпаз жолдама алған

Биыл Оңтүстікте Шәмші әндері өз деңгейінде дәріптелуі екіталай. Облыстық «Менің Қазақстаным» ән байқауының іріктеу кезеңін таразылаған қазылар алқасы осылай деп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iGwkRTc7rsA[/youtube]

Биылғы өнер додасы әйгілі сазгердің 85 жылдығы құрметіне арналған. Дегенмен, сайысқа қатысуға ниет білдіргендер арасында кәсібилік кемшін түсіп, вальс падишасының ырғағынан ауытқығандар жетерлік дейді мамандар. Ал үміткерлер байқау жөнінде хабарлама кеш айтылып, дайындық уақытының аз болғанын алға тартады.

Іріктеу шарасына 41 өнерпаз жолдама алған
Іріктеуге 41 өнерпаз жолдама алған

Сайыстағы сын сайрамдық үміткерге ғана айтылған жоқ. Байқаудың іріктеу шарасында ескертпесіз есіктен шыққандар болмады. Қазылар алқасы жас өнерпаздардың қайсыбіріне үлкен дайындық қажет деген қатаң пікір айтса, екіншісін өлеңнің сөзін жаттамағаны үшін жазғырды. Тіпті әуеннің әнін ұмытқандар да кездесті.

қазылар алқасы
Қазылар алқасы

Сахнаға бишілерге ұқсайтын топ «Семсердің» серілері көтерілді. Алғашқылардың бірі болып ортаға шыққан түркістандық таланттар Шәмшінің әндерін әуелете ән-күймен төкті. Құрылғанына 2 жылдан асқан трио бұған дейін облыстық «Арай» байқауында топ жарып, 2-орынды еншілеген. Талай дүркін республикалық сайыстарда жеңімпаз болыпты. Бірақ бүгінгі сайыста олар да сынға ұшырады.

"Семсер" тобы
«Семсер» тобы

Сәкен Пернебек, «Семсер» тобының әншісі: «Дайындық аз болған шығар. Үлгермедік. Мүмкін қазылар алқасы дұрыс та айтып жатқан болар. Біз Ш.Қалдаяқовтың әнін қазіргі тілмен айтқанда «фирменный» қып жібердік. Сондықтан, мұны сын деп қабылдаймыз.»

Дәстүрлі шараға биыл 17-29 жас аралығындағы 41 жас өнерпаз жолдама алған. Ереже бойынша үміткерлер Шәмші Қалдаяқовтың және еркін тақырыптағы әнді орындап шығуы тиіс.

Әділқазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмағанбетов. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, биыл байқаудың жүлде қоры, сахнасы, оның безендірілуі, тіпті әншілердің әнді орындау шеберлігі жылдағыдан жоғары болуы тиіс.

Мұратбай Нұрмағанбетов
Мұратбай Нұрмағанбетов

 Мұратбай Нұрмағанбетов, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының міндетін атқарушы: «Биылғы байқаудың ерекшелігі – Ш.Қалдаяқовтың 85 жылдығына арналды. Қатысатын үміткерлердің әрқайсысы музыкалық жеке оранжировкасымен келеді, өзінің өңдемесімен айтып қатысады. Бұл – байқаудың басты шарттарының бірі».

Әзірге санаулы қатысушылардың ән орындау сапасына қазылардың көңілі толған жоқ. Ал ақтық сайыс тамыздың 15-не «Шәмші әлемі» гүлзарында өтеді деп жоспарланып отыр.

Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы басшылығының сөзіне сенсек, байқаудың өз деңгейінде өтуіне қазынадан 2 миллион теңге қаржы қаралыпты.