Шымкенттіктер жаңа оқу жылына дайындықты бастап кетті

242

Шымкенттіктер жаңа оқу жылына дайындықты бастап кетті. 1 тамыздан бастап қала базарларында мектеп жәрмеңкелері өтіп жатыр.

Көпбалалы ана Гүлсара Тұрысбекова биыл 4 перзентін мектепке дайындайды. Шымкенттегі базарлардың біріне ұлымен келіп, киім таңдап жатыр. Ақ жейдені 1500 теңгеге, костюм-шалбарды 5 мың теңгеге сатып алды. Дайындықты енді бастаған кейіпкерлерімізге әлі оқу құрал-жабдықтарын сатып алу керек.

Киім-кешектер құнының биыл біршама қымбаттағаны байқалады. Әсіресе, Түркия, Қытай тауарларының бағасы аспандап тұр. Сондықтан саудагерлердің дені мектеп формасын қырғыз елінен әкеліп жатыр. Бала-шағаны киіндіру үшін базар баратын шымкымкенттіктер көбіне осы тауарларға таңдау жасайды екен.

Ал Айгүл Салманова мектепке әзірлікті оқу құрал-жабдықтарын сатып алудан бастапты. Үш бірдей баласын жаңа оқу жылына дайындауға кіріскен кейіпкеріміз бүгін кеңсе тауарларына шамамен 10 мың теңге жұмсап қайтты. Алайда, алған заттарының сапасына күмәнді.

Мектеп жәрмеңкесінде оқу құралының түр-түрі сатылуда. Талғамыңызға қарай, кез-келгеніне таңдау жасай аласыз. Саудагерлердің сөзіне сенсек, биыл кеңсе заттарының бағасы да көңілге қонымды.

Әрине, баланы киіндіру мен оны құрал-жабдықтармен қамту ата-ананың алдымен қалтасына, сосын талғамына байланысты шешілетін шаруа. Дегенмен, орташа есеппен шымкенттіктер бір баланың шығынына кем дегенде 20 мың теңгеден кем жұмсамайтыны белгілі болды. Оқушыны киіндіру орташа есеппен 10 мың теңгені шамаласа, оқу-құрал жабдықтарына – 5 мың теңге, сөмкесінің өзін 2 мың теңге мен 5 мың теңге аралығында сатып алады. Қалай дегенмен, демалыс тәмамдалуға таяған сайын оқушы формасы мен құрал-жабдықтарының саудасы қызып жатыр.