Төле би ауданының әкімі есеп берді

1566

Өңірімізде мемлекеттік қызметкер саналатын әкім-қаралардың есебі жалғасып жатыр. Жақында Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков тілшілер алдында тындырған тірлігін түгендеп, есеп берді.

Басшының баяндамасынан өлкеде өнім өндірудің өскені байқалады. Жарты жылдағы көрсеткіш 30 млрд теңгені құрапты. Бірақ қалың қауымды жұмыспен қамту онша көңілді көншітпей отыр.

003

Білім саласына тоқталған әкім облыстық бюджет есебінен 7 мектептің құрылысына 493 млн теңге бөлініп, 2 мектеп салынып біткенін айтты. Тағы бір білім ошағы өңір қазынасынан, қалған бесеуі аудан қоржыны есебінен күрделі жөнделіп жатқанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін Көксәйек, Қазақстан, Жіңішке ауылдары газбен қамтылатыны айтылды. Осылайша 36 елдімекен табиғи газбен қамтылмақ. Сондай-ақ, биыл «сақалды» құрылысқа айналған Леңгірдегі су жүйесінің тірлігі толықтай тәмамдалады деп сүйіншіледі өлке басшысы.

Әкім Ленгірдегі көпқабатты 21 тұрғын үйге инженерлік-коммуникация жүйесінің құрылысына облыстық бюджеттен бөлінген 50 млн-ға жуық теңге игеріліп жатқанын да атап өтті. Халықты жұмыспен қамту бағытында да жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын да жария етті. Дегенмен, бүтіндей бір ауданда тек 50 мыңға жуық тұрғын ғана тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жиында орталықта орналасқан ескі базар төңірегіндегі дау да назардан тыс қалмады.

Айта кететін жәйт, жиі электр жарығы өшетін Леңгірде енді шам сөнбейтін көрінеді. Өйткені қалада Шаңырақ электр-қосалқы станциясының құрылысы аяқталыпты.