Тоғыс тұрғындары тіршілік нәріне жарымай отыр

439
85 жастағы қартқа шөлін қандыру қиямет қайым

Шымкент қаласының аумағына жаңадан енген Тоғыс тұрғын алабының халқы 3-4 айдан бері ауызсуға жарымай отыр. «Қалаға қосылғанымызға қуанып едік, ол алысқа бармады» деп налиды мұндағы тұрғындар.

Тоғыстағылар Ленгір су арнасына өкпелі

Зинаида Головкова тіршілік нәрін су сорғышпен алады. Жасы 85-тен асқан ол үшін бұл оңай шаруа емес. «Бұл суды ішуге болмайды, тек бақша дақылдарын суғаруға болады» деп ескертушілер де болыпты. Бірақ сусыз қалай өмір сүрем деп қынжылады әжей.

85 жастағы қартқа шөлін қандыру қиямет қайым

Зинаида Головкова, Тоғыс тұрғын алабының тұрғыны:»Қазір қандай ыстық. Мен көп шай, су ішемін. Сондай-ақ, жуынғым да келеді.»

Тоғыс тұрғын алабындағы 500-ден астам отбасы ауызсудың тапшылығын 5 айдан бері тартып келеді. Айтуларынша, тәулігіне бір-екі сағат қана су беріледі екен. Онда да шылжырап ағатын көрінеді. Тұрғындар мұндай проблемаға елдімекеніміз қалаға қосылғалы тап болдық деп отыр.

Вера Андущенко, Тоғыс алабының тұрғыны: «Насоспен қуып отырған ауызсулары мүлдем нашар. Сапасы ешқандай талаптарға сай келмейді. Мұндай суды тұтынып отырған біз жаппай ауырмау үшін қандай да бір амал жасауымыз керек. Ал Ленгір су арнасы бізбен сөйлескісі де келмейді.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3FLks3Kgxkk[/youtube]

Тұрғындардың бас көтеріп, тілшілерді шақырғанын естіген «Ленгір су» арнасының мамандары түсіру тобы барған сәтте осы жерден табылды. Су берушілер ауызсу тапшылығын оны тартатын насостың қуаты жетпейтінімен түсіндірді.

Марат Акашаев, «Леңгір су» мекемесінің маманы: «Елдімекен ұлғаюымен насостың қуаты жетпейді. Біз мықтысын алдырып, қазір қостық. Енді су болады»

"Ленгір су" арнасының мамандары су тұрақты болатынын жеткізді

Сөйтіп, тұрғындарға су берілді. Бірақ, мәселе мұнымен түбегейлі шешілмейтін сыңайлы. Мұндағы халық тұтынып отырған тіршілік нәрінің сапасына көңілдері толмайды. Ал мұның ақиқатына көз жеткізу үшін, біз зертханаға арнайы суды құйып алып алдық.

Зерттеу нәтижесін алу да қиын болған жоқ. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС зертхана мамандары тоғыстықтар тұтынып отырған судың сапасы талапқа сай келмейтінін бірден анықтап берді.

Алия Мираманова, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС зертхана басшысы: «Тоғыс су құбырынан әкелінген су зерттеу нәтижесі бойынша қатты және тұзы белгіленген шамадан жоғары».

Тоғыс алабы құрамына енген Еңбекші аудандық әкімдігінің өкілдері су сапасы үнемі тексеріліп отырады, онда ешқандай нормалардың бұзылуы осы уақытқа дейін тіркелмеген дейді. Егер судың сапасына қатысты шағымдары болса, қайта зертханалық зерттеу жүргізу үшін әкімдікке арыздануы керегін айтып отыр.