Жиын-терім басталды

448

Оңтүстік өңірінде мақсары ору науқаны жалғасуда. Пісіп-жетілген майлы дақылды шығынсыз жинап алу үшін диқандар техниканың мүмкіндігін толық пайдалануда. Шаруалар тұрақты түрде үкімет тарапынан қолдауға ие. Диқандарға егінін шығынсыз жинау мақсатында жанар-жағармайдың литрі 73-74 теңгеден таратылған.

004

«Жұлдыз» өндірістік кооперативінің жұмысшылары да ору науқанына қызу кіріскен. 420 гектарда егілген мақсарыны шаруалар дақыл шашылмай тұрғанда тез арада жинап алуы қажет. Өйткені жалға алған комбайнның төлемақысы бар. Гектары былтырғыдағыдай, 9 000 теңгеден түсуде. Шаруашылықта екі трактор, бір тіркеме бар.

Үкімет тарапынан қолдау жоқ емес, бар. Шаруаларға жанар-жағармай, тыңайтқыш жеңілдетілген бағамен беріледі. Биыл «Жұлдыз» өндірістік кооперативі жағармайдың литрін 73 теңгеден алыпты. Егіс құрылымын әр тараптандырудың нәтижесінде астықтың өнімділігін арттырып, жердің құнарын сақтау жолға қойылған.

012

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әр тараптандыру нәтижесінде өңірде дәнді дақыл егу көлемі 46 мың гектарға артқан. Ал майлы дақылдардың көлемі 30 мың гектарға кеміді. Ауыспалы егісті кеңінен пайдалану заман талабы дейді сала мамандары.

Биыл болжам бойынша облыс аумағындағы 192 мың гектар алқаптағы масақты дақылдан 324 мың тоннадан аса өнім алынады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан 4,3 центнерден артық.

Шынар Оразова