Қазығұртта дихандардың дала семинары өтті

272

Қазығұрт ауданында қарқынды бақ өсіру мен жүзім шаруашылығын дамытуға арналған далалық семинар болып өтті. Оған жергілікті ғалымдармен қатар алыс-жақын шетелдік мамандар да қатысты. Сала өкілдері шаруашылықтағы түйткілдерді ортаға салып, өңірдің саланы өркіндетудегі мүмкіндірін қарастырды.

Биология ғылымдарының докторы Қазыбек Төлеубаев зиянкестерді бағытынан адастыратын құралды таныстырды. Жапониялық ғалымдар ойлап тапқан бұл зат экологиялық таза өнім алуға сеп болмақ. Арнайы сұйықтықпен толтырылған феромон иісті бейтараптандырып, жәндікті жұбынан жаңылыстырады.

Далалық семинарға келген алматылық ғалымдар мен шетелдік мамандар жергілікті шаруаларды осындай тың технологиялармен таныстырды. Ал қаржылық ұйым өкілдері кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктерге қол жеткізу жолдарын түсіндірді. Мақсат өңірдегі қарқынды бақты дамытып, шаруаны талапқа сай жетілдіру болып табылады.

Теориялық дәрістен кейін жиынға қатысушылар «Амангелді» ЖШС-нің бағында болды. Шаруалар осылайша білген-түйгендерін тәжірибеде сынап көрді. Айта кетейік, облыста 2014-2016 жылдарға арналған қарқынды бақ өсірудің арнайы бағдарламасы қабылданған. Мамандар күнгей климатының бақшаны жайқалтуға қолайлы екенін айтады. Тек техниканы жаңартып, шаруалар соны тәсілдерді меңгерсе игі.