20 жылдан бері велосипедтен түспеген қария

63 жастағы қария Оразбек Романқұлов Төреқұлұлының   20 жылдан бері айнымас серігі – велосипед. Шымкент қаласы, Сайрам ауданында тұратын ел ағасы күн сайын жұмысына тек велосипедпен қатынайды.

Қарияның есептеуінше, ертемен кешке дейін 40 шақырымнан аса жолды жүріп өтеді екен. Оразбек ата тіпті қонаққа да дәл осы қос доңғалақты көлігімен барады.  Ауыл арасында «велосипеді бар ата» атанып кеткен кейіпкеріміз тамаққа тәбетім жақсы, денсаулығым дұрыс, көңілім сергек дейді. Анда-санда суық тиіп қалатыны болмаса, ауру-сырқат мазаламайтын көрінеді.Оразбек

20 жыл ішінде Оразбек ата 4 велосипед ауыстырыпты. Өткенімнің естілігі деп, оларды сақтап та қойған. Бүгінде ақсақалдың соңғы үлгідегі шайтанарбасын ұлы сыйға тартқан. Сөйтіп, велосипедты таңдаймын деп, жеңіл көліктен бас тартыпты. Құны 600 мың теңге тұратын құнды сыйлығын ақсақал күтіп ұстайды. Темір, бірақ сенімді  көлігім бүгінге дейін жарты жолда қалдырған емес дейді ол.

Бір жылдан кейін зейнеткерлікке шығатын Оразбек ата велошабандоздар шеруінің тұрақты қатысушысы. Жастардан кем түспей, тіпті олардың кейбірін басып озамын деп мақтанып қалды  қария. Бірнеше күн бұрын Түркістан қаласына, «Машат», «Біркөлік» шатқалына велосипедпен барып қайтыпты. «Жолға ақша шығындамаймын, қоғамдық көліктерді күтіп, уақытымды жоғалтпаймын, адамдармен сығылысып, автобуста отырмаймын. Есесіне өзімді ширақ сезінемін. Жұмысымды ерте бітіремін», деген Оразбек ата үшін бұл үйреншікті әдетке айналған. Қыстыгүні де сүйікті көлігінен ажырамайды.

Оразбек Романқұлов
Оразбек Романқұлов

Кейіпкеріміздің бұл ісін көрген талай жан қызыушылық танытып, велосипедке көшеміз деп уәде беріпті. Енді қария, осылай жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға үндеп жүр. Бастысы, бұл- экологиялық таза көлік.  Тек бір өкініштісі, велосипедшілерге арналған жол жиектерінің болмауы біздің кейіпкерімізді қынжылтады. Егер жауапты орындар, осы кемшіліктің орнын толтырса, екі көлікке ауысатын жандардың да көбейетіні рас , – дейді ол.