Созақ ауданында үш мектеп ашылды

1030

Созақ ауданында 13 мыңға жуық шәкірт үшін алғашқы қоңырау соғылды. Солардың 1600-і – бірінші сынып оқушылары. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандарға Елбасының сыйын аудан әкімі Мақсат Исаев табыстады.

Созақ ауданында үш мектеп ашылды
Аудан әкімі мектеп ғимаратын арнайы аралады

Сондай-ақ, аудан әкімі Созақ ауылындағы Әлішер Науаи атындағы мектептің жаңа ғимаратын пайдалануға беру салтанатына қатысты. Әкім бұған дейін апатты мектепте оқып келген оқушылардың қуанышын бөлісіп, заманауи үлгіде салынған білім ордасында озат болуға шақырды.

Созақ ауданында үш мектеп ашылды

Айта өтейік, 600 орынды жалпы орта мектептің құрылысы былтыр маусым айында басталған. Құрылысты «Обл.Штаб.ССО» компаниясы жүргізген. Сегіз айдың ішінде бой көтерген су жаңа ғимарат соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған.

Қазақ және өзбек тілінде білім беретін мектепке биыл елу бала бірінші сыныпқа келді. Айтпақшы, бұл білім ордасындағы қазақ сыныптары тек бастауыш білім алған. Енді ғимарат кеңейіп, кабинеттері саны артқан соң, олар өз білім ордаларында орта білімдерін алатын болды.

Сейілбек Наурызбаев, ауыл ақсақалы: «Мойындау керек, соңғы уақытта білім сапасы артып келеді. Аудан әкімшілігі білім ордаларының материалдық жағдайын жақсартуға жіті көңіл бөлген. Науаи мектебінің бұрынғы ғимараты тым ескі еді. Ауданға қандай басшы келсе де бірінші болып, осы мектептің мәселесін көтеретін едік. Ол апатты еді.  Енді міне, арманымыз орындалды».

Бүгін салтанатты түрде ашылған білім ордасында мамандандырылған сынып бөлмелері, мультимедиа-лингафон кабинеттер бар. Одан бөлек спорт залы мен асханасы, мәдениет залы бар.

Айта өтейік, Созақта Әлішер Науаи мектебінен бөлек тағы екі мектеп  пайдалануға берілді. Оның бірі – Шу ауылындағы Жаппас Қаламбаев атындағы мектеп. Мұнда 150 оқушы білім алады. Екіншісі – Қарағұр ауылындағы Сәуірбек Бақбергенов атындағы 150 орынды мектеп. Бұл екі ауылдың шәкірттері бұған дейін апатты ғимаратта білім алып келген.

Аудан әкімі Мақсат Шамансұрұлының айтуынша, Созақта оқушылары үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Тағы екі білім ордасы салынып жатыр.