Тойда оқ атып, адам өлтірген жігіт полицияға өзі келді

372
Фото: //kazstan.kz

Сайрам ауданында той үстінде оқ атқан жігіт ұсталды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

4 қыркүйек күні сағат 12:56-да Сайрам аудандық ішкі істер басқармасына аудандық аурухананың жансақтау бөліміне оқ жарақатын алған бес адамның түскені жайлы хабар келіп түсті. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына келіп, мына жағдайды анықтайды.

Сағат 12:21 шамасында Манкент елдімекені, Сайрам көшесінің бойында той мерекесі барысында жас жұбайлар мінген кортеждегі көлік ішінен 19 жастағы Манкент ауылының тұрғыны, күйеу жігіттің досы күтіп алушыларды қызықтыру мақсатында аспанға қаратып оқ атпақ болған кезде көліктің ішінде мылтықтың шүріппесі абайсызда басылып кеткен. Атылған бытыра оқ көлік жүргізушісінің бетіне және көлікке жақын тұрған көршілерге тиіп, жарақаттайды.

Соның салдарынан 23 және 26 жастағы екі әйел ауруханада есін жимай қайтыс болды. Ал олардың жанында тұрған 2 жасар екі бала және 21 жастағы көлік жүргізушісі жарақатпен ауруханада жатыр.

Осы факті Сайрам аудандық ішк істер басқармасында сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркеліп, қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша қылмысты іс қозғалды.

Полиция қызметкерлерінің жүргізілген іс-шараларының барысында оқиға орнынан бой тасалаған күдікті азамат анықталды. 19 жастағы Манкент ауылының тұрғыны біршама уақыт өткен соң өз кінәсін толық мойындап, полицияға өз еркімен келді. Айғақты зат ретінде қос ауызды 12 калибрлі мылтық тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған.