Бозарық станциясының құрылысы 2016 жылы аяқталады

581
Бозарық станциясы

Шымкенттіктердің 70 пайызын жарықпен қамту мақсатында салынып жатқан Бозарық қосалқы станциясының құрылысы қарқын алған. Мердігер компания бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгені жыл соңына дейін игереміз деп отыр.

Бозарық станциясы

Биіктігі 47 метрлік темір бағаналардың 60 данасы орнатылып үлгерілген. Жалпы құны 6 млрд 417 млн теңгелік құрылыс өтпелі. Бүгінгі таңда 50 жұмысшы еңбек етуде. Ал станцияның құрылысы келер жылы аяқталады деген жоспар бар.

Жарық желілері қала сыртын айналып, №3 энергоорталыққа дейін тартылады. Жоспар орындалған жағдайда бұл Шымшаһардағы ең үлкен қосалқы электр станциясының бірі болмақ.

Доллар бағамындағы өзгеріс бұл нысанға да өзіндік әсерін тигізген. Станцияға қажетті қондырғылардың бәрі шетелден жеткізіледі. Сол себепті құрылысқа тапсырыс беруші қала әкімдігі облыстық мәслихат депутаттарынан биылға қаралған 2 млрд теңгені қысқартуды сұранып отыр. Сондай-ақ, 2016 жылы құрылыс құны қайта қаралуы да талап етіліпті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=etvCC6PTy1c[/youtube]

Жалпы, Шымкент қаласында 42 қосалқы электр станциясы бар. Соның 33-і «Энергопоток» мекемесіне тиесілі болса, бесеуі қала әкімдігінің балансында екен. Ал 4 станция жекенің қолында. Сала мамандарының айтуынша, бұл бекеттің қаланың әлеуметік-экономикалық дамуына қосатын рөлі ерекше.

Нұрлан Жаңабай