«Шымкент – кеше, бүгін және ертең»

855
Шымкент

«Шымкент – кеше, бүгін және ертең.» Осындай тақырыпта фотокөрме ашылды. Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған көрмеге шаһардың өткенінен сыр шертетін ескі суреттер мен бүгіні баяндалған бейнелер ілінген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=12SWQja_y24[/youtube]

Қаланың сәулеттік кейпіне көрік берген зәулім үйлер, мәдениет және демалыс орындары мен саябақтар суреті көрменің төрінен орын алған. Бұл нысандарды объективке түсірген жас фотограф – Мақсат Шағырбаев. Ол бұл фотоларды түсіруге үш жыл уақытын сарп еткен.

Мақсат ШағырбаевМақсат Шағырбаев: «Бұл суретті түсірген кезде арнайы көрмеге қоямын деген ой болмады. Тек әлеуметтік желіге салып, Шымкенттің шырайлы жерін көрсеткім келді. Өйткені интернетте Шымшаһар туралы жақсы сурет те, жақсы пікір де жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін еңбек еттім. Осылайша қала күніне өз үлесімді қосқым келді.»

Шымкенттің өткенінен сыр шерткен суреттер көпшілікті өзінен баурап алды. Әсірес, алдыңғы толқын жастық шағына серуендеп қайтқандай күйге түсті. Ал жастар жағы кешегі шаһар келбетімен бүгінгі бейнесін салыстыруда.

Аружан Әбілдаева, қала тұрғыны: «Мен Шымкенттік өткенін көрмеген едім. Бүгін суретке қарап, шаһардың келбетті болғанын байқадым. Ал келешегі туралы ел ағалары жақсы жоспарларын таныстырып жатыр. Оны уақыт көрсетеді. Ал бүгінгі Шымкент мен үшін ең әсем қала. Осында туғаныма, оқығаныма қуаныштымын, мақтанамын».

Шымкент

Шымкент

Сабира Сабырова – Шымкент тұрғыны. Ол осыдан 50 жыл бұрынғы фотолар үнсіз тіл қатқанын айтады. Жастарға әр суретті жеке-жеке түсіндіріп беруден жалықпады.

Сабира Сабырова: «Мына суреттер менің көңілімді көтеріп тастады. Жастық шағым есіме түсті. Жастар да қызығып жатыр».

Шымкент

Қаланың қақ ортасындағы бейнелеу өнері мұражайында өтіп жатқан «Шымкент кеше, бүгін және ертең» фотокөрмесінің есігі 17 қазанға дейін ашық болады. Қаланың өткеніне саяхаттап жасап, бүгініне тамсанып, ертеңгі жоспарымен танысқыңыз келсе, көрмеге асығыңыз.