Шымкентте газ тапшы

365
Автогаз

Шымкентте газ тапшы. Бензинді қымбатсынып, көлігіне газ орнатқан жүргізушілер енді сығымдалған сұйық отынға қол жеткізе алмай жүр. Бекеттерде тек талонмен ғана газ құйылады. Ал талоны жоқ жүргізушілер қазір көлігін көшеде тастап кетуге мәжбүр.

АвтогазКөлік жүргізушілері сығымдалған сұйық отын іздеп қаланы шарлап жүр. Бекеттерден қаптаған көлік. Ал газ толтыру орындарында тек арнайы талон бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл, әсіресе, жуырда ғана көлігіне газ құрылғысын орнатқан темір тұлпар иелерінің ашу-ызасын туғызып отыр.

Ал техникалық қызмет көрсету орталығы мамандары газ тапшылығын сұйық отынды жеткізудегі қиындықтармен байланыстырады. Айтуларынша, суық күн райында көгілдір отынды тасымалдау қиынға түседі.

Алайда мамандар бұл қолайсыздықты уақытша жағдай деп түсіндіреді. Бірер күнде газ қоры жеткізіліп, олқылық реттеледі деп сендіреді. Айта кетейік, бензин бағасының көтерілуіне байланысты көп жүргізушілер көліктерін баламалы сұйық отын түріне ауыстырған. Бекеттегілердің сөзіне сенсек, күніне ондаған көлікке газ құрылғысы орнатылады екен.