Шымкентте мас жүргізушінің кесірінен 4 адам мерт болды

350
Жол апаты

Шымкентте кешегі демалыс күндері 2 ірі жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 8 адам мерт болды. 21 қарашадан 22-не қараған түн ортасында Байтұрсынов көшесінің бойында Лексус және Ауди көліктері соғысып қалды.

Жол апаты

Оқиға орнына жеткен жол-патрульдік полициясының инспекторлары Лексус-570 көлігін басқарған 24 жастағы Шымкент тұрғыны жол жүру ережесін өрескел бұзып, жолдың қарсы бағытына шығып кеткенін анықтайды. Содан Лексус Ауди-80 көлігін соққан.

Жол апатының кесірінен 52 жастағы Ауди жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Осы көлікте болған 1 және 5 жасар екі сәби ауруханаға бара жатқан жолда шетінеді. Ал көліктегі тағы бір жолаушы – 28 жастағы жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінде есін жимаған күні қайтыс болды.

Жол апаты болған сәтте Ауди көлігі жүргізушісінің туыстары оқиға орнына жиналып, Лексус жүргізушісін көрмек болады. Дегенмен, инспекторлар жас жігітті полиция көлігіне отырғызып, қорғауға алды.

Осы Лексус көлігінің жүргізушісі спирттік ішімдік ішкен болып шықты. Бұл туралы 23 қараша күні облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қаракөзова мәлімдеді.

Қазір қылмысты іс қозғалып, Лексустың жүргізушісі қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.

Тағы бір қайғылы жол апаты бір тәуліктен кейін, 23 қарашаға қараған түнгі сағат 00:30 шамасында болды. Алматы-Ташкент-Термез бағытындағы тасжолдың үстінде Лада-21073 көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай қалып, жолдың шетіндегі бетон блокқа соғысқан.

Соның салдарынан 24 жастағы жүргізуші, көліктің ішінде болған 22, 24 және 25 жастағы жолаушылар оқиға орнында мерт болды.

Қазір бұл жол апатына қатысты да қылмысты іс қозғалып, сараптамалар тағайындалған.