Әл Фараби ауданында ретсіз саудамен күрес жалғасуда

279
Ретсіз сауда

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес Шымкентте ретсіз саудамен күрес шаралары жалғасуда. Осыған орай Әл Фараби ауданы аумағында кезекті рет рейд өткізілді.

Қала тазалығын сақтау шаралары Қырғы базар, «Акбар» базарлары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындарда жүргізілді. Рейдке Әл Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті учаскелік полицейлер және қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері қатысты.

Ретсіз сауда

Рейд барысында, әсіресе, «Қазына» базары маңындағы кіре беріс орындарды сауда қатарына айналдырып алғандарға қатаң шара қолданылды. Жаңа жылдық шыршалар мен азық-түлік сатып тұрған алыпсатарларға айыппұл салынып, 6 азаматқа хаттама толтырылды. Тиісінше мұндағы сауда нүктелеріндегі бірнеше дүңгіршек жүк көліктеріне тиеліп, аумақ ретсіз саудадан тазартылды.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрмановтың айтуынша, аудан аумағында ретсіз саудамен күрес белсенді түрде жүргізілуде. Сауда иелеріне бұған дейін заңсыз әрекеттері туралы түсіндірілген дейді маман.

Айта кету керек, жабайы саудаға жол бергендерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 204-бабына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде (9910 теңге) айыппұл кесіледі. Рейд кезінде бір жыл ішінде бірнеше рет тәртіп бұзып, 10 АЕК мөлшерінде (19 820 теңге) айыппұл төлегендер де ұшырасты. Десе де, ретсіз сауданы болдырмауда учаскелік полицейлер міндеттеріне жауапкершілікпен қарау керек дейді аудан әкімінің орынбасары. Себебі, заңсыз сауданы бақылау жұмыстары тәртіп сақшыларының тікелей міндетіне жатады.

– Қырғы базар маңында бірнеше үлкенді-кішілі базарлар орналасқан. Бұл жер аудандағы күрделі аймақ саналады, Біз мұнда тиісті мекеме өкілдерімен бірлесіп тұрақты рейд өткізудеміз. Нәтиже жоқ емес, бар. Негізінде қаламызда сауда жасайтын арнайы орындар бекітілген. Сондықтан қаланың қақ ортасының көркін қашырғандарға қатаң шара қолданамыз. Ретсіз саудамен күрес жұмыстары жалғасатын болады, – дейді С. Нұрманов.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі