Мектептер мен балабақшаларға жер рәсімделуде

347
Мектеп

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен қала әкімдігінің мәжілісі өтті. Жиынға қала бөлімдерінің басшылары, аудан әкімдері қатысты.

МектепКүн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алдымен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов қала аумағындағы білім нысандарына қарастырылған жерлерді мемлекет мұқтажы үшін қайтару және рәсімдеу жұмыстары туралы баяндама жасады.

Баяндамадан белгілі болғандай, қала әкімінің тапсырмаларына сәйкес қала аумағында орналасқан бірқатар жер телімдерін білім нысандарының құрылысы үшін рәсімдеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда барлығы 50,95 гектарды құрайтын 18 мектептің және 8,7 гектарды құрайтын 7 балабақша үшін жер телімдері рәсімделуде.

Күн тәртібіне сәйкес, мүлікті жария ету жұмыстарының барысы бойынша қала әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы Асқар Қайыпов шаһардағы 4 ауданда (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау) құрылған мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияның өтініш қабылдау жұмысына тоқталып өтті.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жария етілген мүліктің жалпы құны 12 млрд 126 млн теңгені құрайды. Ал комиссияларда қаралып жатқан мүлікті құны – 561 млн. 122 мың теңге. Нысандардың мақсаты бойынша оның 892-сі – тұрғын үй нысаны, 13-і – тұрғын емес нысан, 71-і коммерциялық нысанға жатады.

Атқарылған жұмыстар бойынша бөлім басшыларына өз тарапынан бірқатар сын-ескертпелерін айтқан қала әкімі жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі