Оңтүстікте жас жұбайлар тойдағы серуеннің орнына жеткіншектерді қуантты

931
Жас жұбайлар

Күздің соңғы күндерінде отау тіккен Мейірманның көптен бері ойға алған арманы орындалды. Ол қалыңдығы Сәниямен үйлену тойларының алдындағы серуенін балалармен бірге өткізді.

Жас жұбайлар

Жас жұбайлар ел аузында «гулянка» деп аталып кеткен дәстүрден бас тартып, қаламыздағы кәмелет жасына толмаған балаларды бейімдеу орталығына келді. Ата-анасынан көз жазып қалған, не тірідей айырылған балғындар ақ көйлек киген қалыңдықты көріп, көңілдері көтерілді. Жүздері бал-бұл жанған жеткіншектер аға әпкесіне ақ тілектерін жаудырды.

Жас жұбайлар

Мейірман Сауранбек: «Өзімнің үйлену тойымдағы «гулянкамды» балалар үйіне барып, той кортежіне кететін ақшаны осында жұмсауды армандадым. Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы ең басты мақсатым – серуендеуге кететін ақшаны қайырымдылық мақсатында жұмсау және де осы балаларға ақ көйлек киген қалыңдықты көрсету болды.»

Мейірман мен Сәния осыдан 4 жыл бұрын танысқан екен. Екеуі де сол кезде бір мекемеде жұмыс істеген. Сәнияның күлкісі мен ибалы мінезі, ер адамды қадірлей білетін болмысы жас жігіттің жүрегін «ә» дегеннен жаулап алса керек.  2013 жылдың 11 желтоқсанында романтикалық кешкі асқа шақырып, сезімін білдірген. Мейірманның үйлену тойы алдындағы достармен қала аралап қыдыруы кортежде емес, балалар үйінде өткізу идеясы алдында қалыңдыққа да, күйеу жігіттің достарына да ұнай қоймапты.

Мейірман Сауранбек

Мейірман Сауранбек: «Келіншегім бастапқыда лумизинге мінгісі келетінін айтты. Кейіннен ақылдаса келе осындай іс-шараны үйымдастыруға келісімін берді. Достарымның арасынан да қарсылық білдіргендер болды. «Жұрттан өзгеше қылып, не істемекшісің» деген сияқты. Өзімде де бастапқыда қалай болар екен деген қорқыныш болды. Ал қазір мен өкінбеймін, қайта қуанамын. Өйткені балалардың күлкісін, олардың қуанышын көруден асқан бақыт жоқ екен!»

Жас жігіттің ойымен келісіп, игі бастамасын қолдай кеткен достары оның жанынан табылды. Солардың бірі әрі осы ерекшелікті ұйымдастырушы – «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің туризм жетекшісі Балнұр Үпібек.

Балнұр Үпібек

Балнұр Үпібек, жас жұбайлардың досы: «Бұл балалар үйін таңдаудағы себебіміз – бұл жаққа өте жиі келетінбіз. Барлық тәрбиешілер бізді жақсы танып, балалармен етене жақсы араласып кеткендіктен, осы балалар үйін таңдадық. Бұл жер кәмелет жасына толмаған балаларды бейімдеу орталығы болып табылады. Бұл жерде дастархан жаю идеясы – Мейірмандыкі. Ол өз ойымен бізбен бөліскенде біз де қолдадық.»

Мейірман Сауранбек: «Қазір қандай да бір іс-шара болсын, сондай-ақ, бір жоба болсын, оны адамдар бірінші боп бастаудан қорқып жатады. Соны ойлай келе маған неге бірінші бастамасқа деген ой келді. Қазіргі таңда көп қой, кредит алып, той жасайтындар. Той алдындағы «гулянканың» өзіне 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша жұмсап жатады. Сол ақшаны құр босқа далаға шашпай, қайырымдылық мақсатында жұмсаса деп ойлаймын. Тек қана балалар үйімен шектеліп қалмай, жағдайы төмен отбасыларына да көмек көрсетіп, қарттар үйіне де жұмсаса, жақсы болар еді.»