Зообақ басшылығы жаңа салынған вольерден кемшілік тапты

342
Тау ешкілерінің вольері

Зообақта қолдан тұрғызылған тауда жан-жануарлар мекендемейді. Тау ешкілері де жуық арада жүгірмейді. Себебі, зообақ басшысының жасалған жобаға көңілі толмай отыр. Олар бірнеше кемшіліктерді тізіп, облыстық сәулет және құрылысты бақылау басқармасына хат жолдады.

Тау ешкілерінің вольері

Зообақ басшысының жолдаған хатында бірнеше қателік көрсетілген. Ең алдымен тау аңдарын тамашалауға келгендердің жүріп-тұратын жолағының тарлығы жазылған. Зообақ қызметкерлері қыс ауасында бұл жолдың көктайғаққа айналатынын айтып отыр.

Бұдан бөлек, тау ешкілерін бөлек ұстауға мүмкіндік жасалмаған. Сала мамандарының айтуынша, ырғып секіретін тау аңдарынан көрермендерге қауіп төнуі мүмкін екен.

Осы зообақты кеңейту жобасын жасаған «Мерей Сәулет ЛТД» мекемесінің басшылығы 3 жыл бұрынғы тапсырманы бұлжытпай орындағанын айтады. Сол кездегі қала басшылығы мен зообақ директорының берген тапсырысына сай жұмыс жасағандарын жеткізді. Ал шымкентіктерді қуантып, күншығысқа қарап қасқиып тұрған тау ешкісін алап тастаудағы себебін жобамен байланыстырды.

Десе де зообақ басшылары жобалаушы компанияның пікірімен келіспейді. Жұмыс жұмсалған қаражатқа сай болуы тиіс дегеннен танбай отыр. Енді бұл даудың нүктесі облыстық сәулет және құрылыс басқармасы тарапынан тағайындалған тексеруден кейін қойылады.

Нұрлан Жаңабай