Қарабұлақ ауылына бағдаршам орнатылды

877
Қарабұлақтағы бағдаршам

Шымкент аумағындағы Қарабұлақ елдімекеніне бағдаршам орнатылды. Жол жүру қозғалысын реттеу құралы Қапал батыр және Бахри Рамиз көшелерінің қиылысына қойылған.

Қарабұлақтағы бағдаршам

2015 жылдың 26 қарашасы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһар аумағына қосылған елдімекендердің мәселесімен танысу мақсатында Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездескен болатын. Онда жергілікті тұрғындар Қарабұлақ елдімекеніне қарасты Қапал батыр көшесі мен Бахри Рамиз көшесінің қилысында бағдаршам орнату туралы мәселе көтерген.

Қарабұлақтағы бағдаршам

Көпшіліктің талап-тілектерін тыңдаған шаһар басшысы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бір ай уақыт ішінде жаңа бағдаршам орнату туралы тапсырма берген.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, №96 мектеп орналасқан бұл көше бойында бұған дейін бірнеше қайғылы оқиға орын алған. Мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін ескерген қала басшысы бұл істі өз қадағалуына алып, қысқа уақыт ішінде уәдесін орындады. Қазіргі таңда жаңа бағдаршам жұмыс істеп тұр.

Жалпы, қаладағы жол-көлік оқиғалары мен көлік кептелісін болдырмау мақсатында 2016 жылы қала бюджетінен 111 миллион теңге бөлініп, оған 14 көшеге бағдаршам орнатылу жоспарланып отыр.