1,7 млн Оңтүстік тұрғыны табиғи газды тұтынады

221
"Самал - 3" шағынауданына табиғи газ берілді

Оңтүстікте бүгінгі таңда 1,7 миллионға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика, және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Л.Серікбаев хабарлады.

"Самал - 3" шағынауданына табиғи газ берілді

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Н. Жаманкөз, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары А. Баймұрзаев шаһардағы өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарын баяндады.

Л.Серікбаевтың айтуынша, облыстағы табиғи газбен қамтылған 1,7 млн-ға жуық тұрғын (337 елдімекен) өңірде өмір сүретін 3 млн-ға жуық халықтың 57,7 пайызын құрайды. Ауыл-аймақты көгілдір отынмен жабдықтау жұмыстары «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» және «Газли-Шымкент» бағыттары бойынша іске асырылуда.

Бірінші бағыт «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» магистралды құбырынан табиғи газ алатын облыстың солтүстік-батыс бөлігіндегі 8 аудандағы 227 елдімекен, 682 мың халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2013-2014 жылдары 7 АГТС пен жеткізуші газ құбырлары құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жұмыстар жүзеге асырыла бастаған болатын. Нәтижесінде Түркістан қаласына (2013 және 2015 жж.) екі, Бәйдібек ауданы мен Созақ аудандарын (2015 ж.) газбен жабдықтауға бағытталған бір АГТС салынып, Шаян елдімекеніне газ беріле бастады.

Сонымен бірге Сайрам ауданында да (2015 жылы) бір АГТС құрылысы облыстық бюджет есебінен аяқталып, пайдалануға берілді. Ал қалған 3 АГТС құрылысын осы 2016 жылы аяқтау жоспарланып, аудан орталықтары – Кентау қаласы, Түркістан қаласы екінші кезең, Отырар ауданының Шәуілдір елдімекені, Ордабасы ауданының Темірлан елдімекені және Арыс қалаларын газдандырудың құжаты әзірленбек. Нәтижесінде 2017 жылдан бастап аудан орталықтарын газдандыру, әрі қарай, елдімекендерді қамту жоспарланып отыр.

Ал екінші бағыт «Газли-Шымкент» бойынша 40 елдімекенді газдандыру жоспарланса, оның ішінде 14 елдімекендегі 25 мыңға жуық тұрғынға 2015 жылы табиғи газ барған. Ал қалған 26 елдімекенді газдандыру жұмыстары биыл жалғасып, жыл соңына дейін 25 елдімекенге (90 мыңға жуық тұрғын) көгілдір отын жеткізілмек. Бұл жұмыстар тиісті деңгейде аяқталса, 2016 жылы табиғи газды пайдаланатын облыс тұрғындарының көлемі 60,3 пайызға жететін болады.