78 жастағы қарт көлігімен адам қаққанын мойындады

180
Жол апаты
Фото: //360tv.ru

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кеткен жүргізушіні анықтады. Сол күні көліктің рөлінде отырғанын мойындап, 78 жастағы қария полицияға өзі келген. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жол апаты
Фото: //360tv.ru

Еске сала кетсек, 2015 жылдың 26 желтоқсаны күні Шымкент қаласындағы Т.Рысқұлов даңғылында жол-көлік оқиғасы болды. Жаяу жүргіншілер жолауғымен өтіп бара жатқан азаматшаны көлік қағып кеткен. Адам қаққан жүргізуші қашып кетеді, ал жәбірленушіні жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға алып кетеді. Өкінішке қарай, 32 жастағы азаматша қатты жарақатынан жан сақтау бөлімінде есін жимай қайтыс болады.

Полицейлер аталғай жайтты бірыңғай сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркеп, 2 бап бойынша қылмысты іс қозғады. Олар 345 (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347 (жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) баптары.

Осы қылмысты ашу мақсатында ОҚО ІІД-нің тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Күдіктіні анықтауға қатысты тиісті жедел іс-шаралар қолданылды. Дегенмен, жүргізуші табыла қойған жоқ.

Енді, міне, арада бірнеше күн өткен соң жүргізуші өзі келіп, полицейлерге кінәсін толық мойындаған. Күдікті Сайрам ауданының 1938 жылғы тұрғыны болып шығады. Ол оқиға орнынан қорыққанынан қашып кеткенін айтып отыр.

Қазіргі таңда осы қайғылы жағдайға қатысты барлық жағдай анықталуда. Сараптама тағайындалды. Күдіктінің «Нексия» автокөлігі айыптұраққа жеткізіліп, өзінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.