Кәріз коллекторы жарылған аймақтың тұрғындары кеткісі жоқ

297
Қауіпті аймақтағы үй

Шымкенттегі шайынды суларды айдап шығаратын кәріз жүйесінің үстіне салынып кеткен үйлерде болған апатқа қарамастан екі отбасы үйлерін тастағысы жоқ. Төтенше қызметі екі үйдің есігін мөрлеп бекіткенімен, тұрғындар қауіпті аймақтан кетпей жүр.

Үй иелері биліктің уақытша баспана береміз әрі мемлекет есебінен әрқайсысына ақша төлейміз дегеніне сенбейтіндерін ашып айтты. Олар жергілікті биліктің ауызша берген уәдесін қағаз жүзінде заңдастыруды талап етіп отыр.

Қауіпті аймақтағы үй
Қауіпті аймақтағы үй

Оңтүстік шағынауданындағы апат әзірге екі үйге қауіп төндіріп тұр. Аяқ астынан болған оқыс оқиғадан тұрғындар әлі толық есін жиып үлгермеген. Баспананың бірі Нұрлан Дүйсеновке тиесілі. Үйдің арты опырылып, кәріз жүйесі түсіп кеткеніне қармастан, ол үйінен алысқа кеткісі келмейді. Жарылған кәріз жүйесінен шыққан қолқаны қабатын сасық иіс тұншықтырғанына да қарамайды.

Нұрлан Дүйсенов
Нұрлан Дүйсеновтың үйінің қабырғасына сызат түскен

Жарылған кәріз құбыры жер бетінен 3-4 метр тереңдікте жатыр. Қалыңдығы 1 метрлік құбыр осындағы жылу қазандығы мен индустриалдық аймақтан шығатын қалдық суларға арналған. 1964 жылы салынған құбырдың тозығы әбден жеткен. Шымкент қаласының әкімі жергілікті маңыздағы төтенше жағдайды жариялап, штаб құрды. Төтенше жағдай мәселе түбегейлі шешілмейінше, бұл үйлерде адам тұруға рұқсат жоқ дейді мамандар отыр.

Бүгінгі таңда арнайы құрылған комиссия мүшелері коллектордың үстінде тұрған 17 үй мен 5 шағын үйді анықтапты. Иелерінің құжаттарының заңдылығы тексеріліп жатыр. Ал екі үй туралы шешім қабылдаудың созылу себебін төтенше жағдай басқармасының мамандары «Су ресурстары – Маркетинг» мекемесінің 115 үйдің құжаттарын сотқа өткізгенімен байланыстырды. Оқиға орнына мәслихат депутаттары мен «Су ресурстары – Маркетинг» серіктестігінің бас директоры да барып қайтты.

Қалай болғанда да енді кәріз коллекторының қорғаныс аймағын бұзған тұрғындардың әрекетінің заңсыздығын сот шешеді. Ал баспанасынан көшпей отырған екі үйдің мәселесіне соңғы нүктені арнайы құрылған комиссия қояды.

Естеріңізге салайық, осыдан бір апта бұрын Лермонтов көшесіндегі №1 және Ташкент көшесіндегі №2 а үйлерінің арасындағы диаметрі 1 метр кәріз коллекторы жарылған болатын. Осыған байланысты аймақта төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарға уақытша баспана ұсынылды.

Нұрлан Жаңабай