Оңтүстік Қазақстанның өз бренді болады

319
Серік Буксиков
Серік Буксиков (оң жақта)

Таяуда облыс әкімдігінде өңірдің бренді ретінде дайындалған жобалар таныстырылды. Өңір басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен өткен жиында Оңтүстік өлкесінің барша құндылықтарын бір таңбаға сыйдырған үлгілер баяндамасын Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Серік Буксиков жасаған.

Өңірдің тарихы мен мәдениетін зерттеу нәтижесінде суретші қонақжай халқымыз бен экотуризм, өңірдің ұлы Жібек жолының жүрегі және қызғалдақтар отаны екенін басымдыққа алып, 20-ға жуық бренд жобасының үлгісін көрсетті.

Серік Буксиков
Серік Буксиков (оң жақта)

Жұмыстарды әзірлеу кезінде суретші облыстың бірегей құндылықтарын көрсетуге тырысқанын айтады. Ол әлемнің алып қалалары Париж – романтика, Дубай – сенімділік, Гонконг – сауда-саттық, Милан – стиль, Нью-Йорк энергия елі екені ретінде танылғанын мысал етті.

Жиында көрсетілген барлық таңбалар бойынша облыс басшысы С.Бурсиковқа сын-ескертпелерін айтып, кей логотиптерді толықтыруға ұсыныс жасады. Сонымен қатар, өңірімізге шақыратын жарнамалық билбордтар дайындап, оны республиканың алып шаһарларына ілуді, ғаламтор желісі арқылы шетелдерге де танытуды ұсынды.

Сондай-ақ, ішкі және сыртқы нарыққа экспортталатын жергілікті өнімге облыс таңбасы жапсырылып, жіберілуі керегін айтты. Облыстың аудан, қалаларын айғақтайтын арнайы бренд жасауды ұсынды.

– Оңтүстік Қазақстан облысының бренді – өңірдің Қазақ ұлтының ежелгі мекені болғанын білдіруі тиіс. Біздің бренд ешкімдікіне ұқсамауы керек, -дейді әкім. – Аймаққа келген қонақтар біздің бір затымызды көргенде Оңтүстікте жүргенін үнсіз ұғынып, аймақ тұрғындарының патриот екеніне көз жеткізуі керек. Оңтүстіктің таңбасына өлкеміздің барша құндылықтары сыйып тұруы қажет.

Күн тәртібінде тауар өндірушілері мен жеткізушілерінің «Ontustik Sapa» қауымдастығын құру жөнінде ұсыныс тыңдалды. Сондай-ақ, Ресей нарқындағы отандық тауарларды ілгерілету жобасы аясындағы көрмеге жергілікті кәсіпкерлердің қатысатыы айтылды. Бұған қоса Ресейде аймағында «Оңтүстік Қазақстан» экомаркеттер желісін ашу (Мәскеуде – 7, Санкт-Петербургте – 1, Томскіде – 2) ұсынылды.