Рейдке шыққандар жастарға түсіндіру қағаздарын таратты

300
Рейдке шыққандар
Рейдке шыққандар

Көше кезген жасөспірімдерді анықтау ісі жалғасып жатыр. Апта сайын арнайы рейдке шығатын жауаптылар кездескен ересектер мен жастарға түсіндірме парақшаларын таратып шықты. Қалалық білім бөлімінің мамандары мен ішкі істер органдарының өкілдері шаһардағы ойын-сауық орталықтарын аралап, ереже бұзғандарды іздеді.

Рейдке шыққандар
Рейдке шыққандар

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қанғыбастықтың алдын алу бойынша жиі рейд жұмыстары ұйымдастырылады. Түсіндіру жұмыстарында жастардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің міндеттері айтылады. Олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында түнгі алдын алу іс-шаралары көптеп жүргізіледі. Мұны қалалық білім бөлімі ұймдастырады. Бала тәрбиесін қоғамның ертеңіне балайтындар прокуратура мен ішкі істер органдарынан маман қатысуын сұранады. Бұл өтінішті халық қалаулылары да жерге тастамайды.

Бұл жолы жиналғандар қаладағы ойын-сауық орталықтарын аралады. Көңіл көтеру орындарында ата-анасының қадағалауынсыз жүрген жасөспірімдерге ескерту жасады. Тексерушілер бірден айыппұл салмай, түсіндіруге көп көңіл болды.

Шараны ұйымдастырушылар арнайы дайындалғаны көрініп тұр. Қолдарында заңды бұзғандарға қандай жауапкершілік қаралатыны жөнінде ақпарат жазылған 25000 брошюра бар. Ережені бұзғандарға арнайы таратып берді. Айта өтейік, іс-шараға қатысқан ата-аналар комитетінің өкілдері ұйымдастырушылардың діттегені дұрыс дейді.

Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында қалалық білім бөлімі құқықтық апталықты өткізуді қолға алған. Апталық барысында түрлі роликтер көрсетіліп, заң тұрғысында толық мәлімет беріледі. Бала еңбегін заңсыз пайдаланғандарға қандай жауапкершілік қаралғаны да осында түсіндіріледі. Ал бұл жолы екі сағатта қаланың көңіл көтеретін орындарын аралап шыққан мамандар көше кезген жасөспірімдерді кездестірмеді.

Ернар Балабеков