Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың туғанына – 112 жыл

1018

Биыл қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың туылғанына 112 жыл толып отыр. Атаулы датаға орай еліміздің өзге де аумақтарында кесіндемешіні еске алу кештері өтуде.

Қазақ бейнелеу өнерінде есімі алтын әріптермен жазылған тұлғаның туылған күніне біздің өңір қалай ат салысты және қылқалам шеберінің құрметіне есімі берілген колледж ұжымы қандай іс-шаралар ұйымдастырмақ?

1

Ұжым жыл сайын халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың туған күнінде өздерінің қалаған тақырыптарына қалам тартады. Оның шығармашылығына деген құрметін бейнелеу өнері арқылы білдіреді. Ал студенттердің қолынан шыққан дайын дүниелер жуырда кесіндемешіні еске алу үшін өңірімізде өтетін ауқымы кең көрменің төрінен табылуға мүмкіндік алмақ.

Айдана Шадихан
Айдана Шадихан

Айдана Шадихан, Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжінің студенті: «Мен натюрморт салып отырмын, себебі бұл Әбілхан Қастеев атамыздың жақсы көріп салатын жанрларының бірі болған. Бұл әдіспен бейнелеу өте қызықты, мәселен жарық пен көлегейлеу арқылы заттардың алыс-жақын арақашықтығын айқындауға болады.»

Ә.Қастеев атындағы колледж суретшінің 112 жылдығы құрметіне өтетін көрмеде бір емес жүздеген туындыны таныстырмақ. Ол үшін мұндағы дизайн, сәулет өнері, кескіндеу, мүсіндеу және графика сынды мамандықты меңгеріп жүрген жас студенттер көмектеспек.

Оқу орны басшылығының айтуынша, халық суретшісінің қайталанғысыз еңбектерін дәріптеу және оны заманауи үлгіде дамыту үшін қазір ұжым жаңалық енгізуге кірісті.

Дидар Айдарбеков
Дидар Айдарбеков

Дидар Айдарбеков, Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі директорының орынбасары: «Біз сәндік қолданбалы өнер мамандығы негізігінде көркем тоқыманы қолға алдық. Яғни, киіз шикізатынан бейнеге жан бітіру тәсілі дейміз мұны. Ұстаздарымыз қазір осы саланы меңгеріп, жаңа жұмыстар жасап жатыр.»

Бүгінде суретшінің еңбектері жаңа бағытта дамып жатыр, ал бала Әбілханның туындылары тастан табылған. Сегіз жасынан бастап бай-бағланның қойын баққан оның сол кезде қолында тас пен оны бояу үшін қолданатын арбаға жағатын қара майы ғана болды.

Шопандықпен жүріп, қорым тастардың жылтыр бетіне түрлі жануардың бейнесін бедерледі. Ұшқыр ойы мен шеберлігіне ерік берді. Дара қолтаңбасы бар суреткердің сондағы дүниелері – бүгінгі қазына. Оны бізге суретшінің көзін көрген шәкірті Ақпан Тұрғанбай таныстырды.

Ақпан Тұрғанбай, ҚР суретшілер одағының мүшесі: «Әбілхан аға орысша білмейтін, сондықтан Ресейге оқуға аттанғанымен, олардың тілін түсінбей қайтып келді. Өзі ізденді, жолай қосымша сабақтарды да оқыды. Осылайша суретке деген махаббаты арта түсті. Ағамыздың өзге де суретшілерден ерекшілігі сол  –  еңбектерінің ұлттық құндылықты дәріптеуінде, қазақы қолтаңбаның иісі аңқып тұрады. Мәселен, шетелге барып осы саланы меңгеріп келгендер келген бойда өзге бағытта сурет салып, ұлттық болмысы ысырып қояды ғой? Ал Қастеев олай жасаған жоқ. Бізбен өткен талай кездесуде баршамыз қолтаңба алуға асығатынбыз, сол кезі есімде – қаламсаппен қағазға жәйлап, жәймен, асықпай қол қойып, жастарға деген тілегін жазушы еді.»

Суретшінің құрметіне ашылған мұражай көрінісі
Суретшінің құрметіне ашылған мұражай көрінісі
Ә.Қастеевтің қолынан шыққан бейне
Ә.Қастеевтің туындысы

Халық суретшісінің еңбектері мен өміржолын дәріптеу үшін осыдан 10 жыл бұрын оқу орны жанынан мұражай ашылған. Әзірге мұнда Әбілхан Қастеевтың шапаны мен оның салған екі картинасы ғана бар. Қалғаны – арнау еңбектер, шәкірттерінің суретшіге деген қалам-тартуы. Айта өтейік, бүгінде Қастеев коледжінде 500-ге тарта студент білім алады.