Жыл басында 200-ге жуық қылмыс ашылды

295
Полиция көлігі

Жаңа жылға байланысты демалыс күндері Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында 200-ге жуық қылмыстың беті ашылды. Мереке қарсаңында облыстық ішкі істер департаментінің 2000-нан астам қызметкері күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істеді.

Полицейлер көпшілік қатысатын іс-шаралар өткізілетін орындардың тәртібін қатаң бақылауға алды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп, жол қауіпсіздігі, облыс тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздіктері де қатаң түрде бақылауға алынды.

Полиция көлігіАшылған қылмыстың ішінде 1 адам өлімі, 1 қарақшылық, 1 есірткі қылмысы, 6 тонау, 28 бөтеннің мүлкін ұрлау, 15 бұзақылық және 11 көшелер мен қоғамдық орындарда орын алған қылмыстар бар. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру барысында бұған дейін жасалған 20-дан астам қылмыс әшкереленді.

2016 жылдың 1 қаңтары күні жол-патрульдік полиция қызметкерлері травматикалық қаруды қолданып, бұзақылық жасаған күдіктіні ұстады. Әл Фараби полиция бөлімінің кезекшісіне көңіл көтеретін орындардың бірінің жанында төбелес болғаны жайлы хабарлама түскен. Оқиға орынына жедел жеткен полиция қызметкерлері 22 жастағы қала тұрғынының қарудан жарақат алғанын анықтайды. Жәбірленуші ауруханалардың біріне жеткізілген.

Жедел басқару орталығына қарасты сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері қылмыс орын алған жерді анықтап, 21 жастағы Шымкент қаласының екі тұрғынын күдікті ретінде қолға түсірді. Олардан травматикалық қарудың оқтары айғақ зат ретінде тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал Шардара ауданында адам өлімі болды. 1 қаңтар күні таңертеңгі сағат 7 шамасында жергілікті полиция бөліміне ауылдардың бірінде, көшеде зорлықпен өлтірілген ер кісінің мәйіті жатқаны туралы хабарлама түседі. Полицейлер келіп, 30 жастағы азаматтың кеуде тұсынан алған оқ жарақатынан қайтыс болғанын анықтады.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында сол күні 36 жастағы жергілікті тұрғын күдікті ретінде ұсталды. Тергеу барысында бірлесе ішкен спирттік ішімдік салдарынан екеуінің арасында араздық туындап, күдікті өзінің бөтелкелесін аңшлық мылтығымен атып салғаны, содан соң қашып кеткені анықталды.

Тәртіп сақшылары «ТОЗ» маркалы аңшы мылтығын айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Қылмысты іс қозғалып, күдікті қамауға алынған.

Сондай-ақ, облысы аумағындағы жолдарда 12 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 2 адам қайтыс болды, түрлі дәрежедегі дене жарақатпен 30-дан астам адам зардап шекті.

4 қаңтар түні Сарыағаш ауданындағы ауылдардың біріндегі жол апатынан 51 жастағы жолаушы қайтыс болды. 52 жастағы жүргізуші «Ваз-2106» автокөлігімен жолдың қарсы бағытына шығып, 24 жастағы Сарыағаш ауданының тұрғынының басқаруындағы «Дэу-Нексия» автокөлігімен соқтығысады. Соның салдарынан «Ваз» автокөлігінің жолаушысы, жергілікті тұрғын алған ауыр дене жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал «Дэу-Нексия» автокөлігінің жүргізушісі және оның 21 жастағы әйелі мен 2 жасар қызы, «Ваз» автокөлігінің жүргізушісі түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді.

Осы қайғылы жағдай бойынша қылмысты кодекстің 345-бабымен (көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.