Алты жасар баланы ұрлаған күдікті тағы бір қылмысын мойындады

188
Күдікті әйел
Күдікті әйел

Оңтүстікте жасөспірімдерді ұрлады деген күдікпен 60 жастағы азаматша құрықталды. Балақай мен егде жастағы әйелді полицейлер Арыс ауданынан тапты. Күдікті азаматша бұған дейін таратылған фотороботқа ұқсас, деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір алты жасар Мұхаммед ата-анасына тапсырылды. Баланың денсаулығына ешқандай зиян тимеген, жағдайы жақсы.

Күдікті әйел
Күдікті әйел

Осы факті бойынша полицейлер қылмысты кодекстің 125-бабымен адам ұрлауға қатысты іс қозғалды. Күдікті азаматша тергеу абақтысына қамауға алынды. Ол бұрын сотталмаған және ішкі істер органында есепте тұрмайды.

Айта кету керек, анықтау жұмыстарын жүргізу кезінде күдіктінің 2013 жылы орын алған осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

Еске салар болсақ, 2013 жылдың қазан айында Шымкенттегі Абай полиция бөліміне 1985 жылы туған қала тұрғыны арызданып келді. Оның 2007 жылы туған қызы мектепке барып, үйіне қайта оралмаған.

Полицейлер 10 күннен кейін жоғалған қызды Шымкент қаласындағы Қызылжар елдімекенінің аумағынан тапты. Күдікті әйел қызды сол маңда қалдырып кеткен екен. Жасөспірім ата-анасына табысталды. Қазір сол жағдайдың орын алу барысы мен себептері анықталуда.