Бейбіт күннің батыры министрдің марапатын алды

497
Бектас Айнабеков
ОҚО ТЖД бастығы Александр Путейко Бектас Айнабековты марапаттауда

Оңтүстікте жарақат алған адамға көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға сеп болған азамат марапатталды. Азаматтық борышын орындаған Бектас Айнабековке ішкі істер министрінің төсбелгісі табыс етілді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бектас Айнабеков
Бектас Айнабеков төсбелгіні ОҚО ТЖД бастығы Александр Путейконың қолынан алды

Бұл оқиға 2015 жылдың 8 қазанында болған. Шымкент-Шаян бағытындағы жолдың үстінде жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан көлік аударылып кетеді. Сол машинаның ішінде 1998 жылы туылған жеткіншек қысылып қалған.

Осы сәтте облыстық төтенше жағдай департаментінің Бәйдібек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Бектас Айнабеков сол маңнан өтіп бара жатқан. Азаматтық қорғау қызметінің аға лейтенанты ойланбастан зардап шеккен адамға көмекке барады. Бектас Жаңабайұлы ес-түссіз жатқан жігітті машинаның ішінен шығарып, тез арада аудандық ауруханаға жеткізеді. Сондағы дәрігерлер тағы біраз уақытқа кешіккенде, жас жігітке көмек көрсетудің қиын болатынын айтады.

Бектас Айнабеков

Адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі және қайсарлығы үшін Бәйдібек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Бектас Айнабеков Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің 2015 жылғы 12 желтоқсандағы №379 бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Марапаттау рәсімі 2016 жылғы 1 ақпанда Шымкентте өтті. Облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Александр Путейко бейбіт күннің батырының омырауына төсбелгіні тақты.