Оңтүстіктің санавиациясы тегін қызмет көрсетеді

222
Санавиация

365 шақырту! Бұл – өңірдегі санитарлық аваиация қызметіне жыл басынан бері түскен қоңырау саны. Ақ халатты дәрігерлері авиациясы жүздеген науқастың өміріне араша түсіп, шұғыл көмек көрсету үшін көкке де көтерілді, жүздеген шақырымға көлікпен де жетті.

Санитарлық авиацияның қалалық жедел жәрдемнен өзіндік айырмашылығы бар. Орталық мамандары жеке тұлғалардан түскен қоңырауды қабылдамайды. Аймақтағы ауруханалар өтініші бойынша ғана жұмыс істейді. Оның өзінде науқасқа жергілікті жерде көмек көрсету мүмкін болмаса ғана шұғыл топ аттанады. Күніне 10-15 шақыртуға дәрігерлерді аттандыру, жылдам жинау – диспечердің міндеті.

Санавиация

Облыстағы санитарлық авиациялық бөлімде 10 жедел жәрдем көлігі мен бір ұшақ, бір тікұшақ бар. 30 қызметкер қалтқысыз еңбек етеді. Ал келіп түскен шақыртуға тасымал құралын бөлу науқастың диагнозына және қоңырау түскен аумаққа тікелей байланысты.

Бұл жолы Сарығаштық тұрғын облыс орталығына шұғыл жеткізілді. Хирургиялық көмекке мұқтаж азаматқа әуеде алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Тікұшақ жерге қонысымен жедел жәрдем көлігі арқылы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізіледі.

Әрбір секунды қымбат салада қызмет ететіндерін ұшқыштар да жақсы түсінеді. Сол себепті өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысады.

Мирахмад Османов, ұшқыш: «Дәл қазіргі қонуымыз сәтті өтті. Науқас діттеген жеріне дер кезінде жетті. Шалғайдағы ауылдан ауруды аман жеткізу, оларға көмек көрсетіп отырған дәрігерлер тағдыры әуеде бізге жүктеледі. Сондықтан қателесуге жол жоқ.»

Науқас шұғыл жеткізілген тікұшақ Еврокоптер деп аталады. 2014 жылы шығарылған әуе кемесі төтенше жағдай комитетінің «Қазавиаспас» АҚ-на тиесілі. Тікұшақ соңғы 2 айдан бері шұғыл шақыртуларға ұшып, дәрігерлердің қолқанатына айналған. Іші де заманауи үлгіде жабдықталған.

Сонымен, күнгейлік санитарлық авиация бөлімі 2015 жылы 4 250 шақырту алған. Оның 30 пайызы әуе тасымалы арқылы жасалса, қалған жетпіс пайызы арнайы көлікпен жеткізілген. Ал 2016 жылдың алғашқы айында 365 науқас санитарлық авиациялық бөлім мамандарының көмегіне жүгінген. Ақ халаттылардың бұл қызметі тегін көрсетіледі.