Сарыағашта тегін дүкендер ашылды

686
Әлеуметтік дүкен

Сарыағаш қаласында «Шапағат» әлеуметтік дүкені ашылды. Дүкен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына арналған. Игі бастамаға ұйытқы болған қалалық ардагерлер кеңесін әкімдік қолдап, ғимаратты жалға алған. Мұнда күнделікті тұтынатын азық-түлік қолжетімді бағамен сатылады. Демеуші болған жергілікті кәсіпкерлер әлеуметтік дүкендердің сөрелерін жеміс, көкөніспен толықтырмақ ниетте.

Әлеуметтік дүкен

Кенжегүл Ақтаева әлеуметтік дүкен ашылғалы қаржысын үнемдеуге көшкен. Мұнда 1 келі ұн – 50, құмшекер – 120, күріш 100 теңгеден сатылады. Ал макарон өнімдерінің келісі – 75 теңге төңірегінде. Бұл баға әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына үлкен көмек болып тұр.

Дүкенде азық-түлік арзан бағада сатылса, киім-кешек тегін таратылады. Қолы ашық сарыағаштықтар экономикалық қиындық кезеңінде жерлестеріне осындай демеу көрсетіп отыр. Бұл игі бастаманы Сарыағаш қалалық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі көтерген. Ал жергілікті әкімдік ұсынысты бірден қолдап, ғимарат тауып береді.

Әлеуметтік дүкен

Сарыағаш қаласының өзінде 200-ден астам аз қамтылған отбасы бар. Олардың барлығы арнайы тізімге тіркелген, сондықтан дүкеннен керегін алу қиынға соқпайды. Ал дүкен сөресін толтыруды демеушілер өз міндетіне алған. Яғни, әкімдіктен бірде-бір тиын бөлінбейді. Сондай-ақ, мұнда баспанасын қатты отынмен жылытатындарға қаппен көмір де беріледі.

Шынар Оразова