Шұбарсулықтар үйлерін бұзуға мәжбүр болуы мүмкін

794
Шұбарсу

Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылының оншақты отбасы баспанасынан жүздеген тұрғын жер телімінен айрылуы мүмкін. Өйткені олардың үйлері осы маңнан өткізілген газ құбырына тым жақын орналасқан. Мұнай тасымалдаушы алпауыт компания «Қазтранс Ойлдың» сотқа берген талап-арызы қанағаттандырылыпты. Оған сәйкес, енді алдағы үш ай ішінде жерлестеріміз өздері тұрғызған баспаналарын өздері бұзуы тиіс.

Шұбарсу

Шұбарсулық тұрғындар мен «Қазтранс Ойл» АҚ арасындағы дауға себеп болған – жер астынан өтіп жатқан мұнай құбыры. Компанияның талабына сәйкес, тұрғын үйлер мұнай құбырынан 150 метр қашықтықта болуы тиіс екен. Бұған дейін бұл қашықтық 75 метр болған. Сол себепті сот 7 үйді бұзу туралы шешім шығарып, 465 жер теліміне баспана тұрғызуға болмайды дегенді нақтылап қойған. Тұрғындар біздің қолымыздағы құжат қайда қалды деп ашынады.

Ал мәселеден хабардар аудан әкімі оның шешу жолдарын қарастырамыз деп сендіреді.

Самат Сапарбаев, Ордабасы ауданының әкімі: «Бұзылатын 7 үйдің тұрғындарына қолымыздан келгенше жәрдем береміз. Үй тұрғызуға, жер телімін алуға, техника, құрылыс материалдарымен көмектесуге тырысамыз.»

Жер телімдерінен айрылған 465 азаматқа да, тиісінше, жер телімін беруге дайынбыз дейді аудан әкімі. Ал тұрғындар бұрын заңдастырылған құжаттардың уақыт өте неге жарамсыз боп қалғанын түсінбейді. Себебі баспанасы бұзылатындардың қатарында үйлерін жылдап салып, тұрғызғандар бар. Жылы орнынан көшіп-қону ешкімге ұнамасы анық. «Қазтранс Ойл» мамандарының осы уақытқа дейін неге мәселені қозғамағанын сұрап, нақтылағысы келген шұбарсулықтардың сұрақтарына жауап берер ешкім жоқ. Барлығы сот шешімін алға тартады.

Өзге амалдың жоқтығын айтқан аудан әкімі мен прокурор көпшілікті сабыр сақтауға шақырады. Ал өз құжаттарын заңды деп есептейтін жергілікті тұрғындар сотқа шағымдануға бел буып отыр.

Нұрлан Жаңабай