Шымкентте көлікті жаппай тексеру басталды

393
Полиция рейді
Полиция рейді

Шымкенттің полицейлері қаладағы көлік атаулыны жаппай тоқтатып, тексерді. Олардың арасында қымбат әрі ерекше нөмір тағылған темір тұлпарлар да бар. Инспекторлар қалталылар мен қарапайымдар деп бөлмей, кімнің көлігінің терезесі күңгіртеген жапсырма болса, соны жүргізушілердің өздеріне алғызып тастады.

Полиция рейді
Полиция рейді

Тәртіп сақшыларының мұндай жаппай белсенділігі қаладағы жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметіне басшы тағайындалу сәтіне тұспа-тұс келіп отыр. Бұл қызметке осыған дейін қалалық ішкі істер басқармасы мен Сайрам аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Данияр Мейірхан тағайындалғаны белгілі. Оған қоса жаңа басшыны қала тжұртына таныстырған шаһар әкімі де шенді қызметкерлердің қаладағы тәртіп бір уыста ұстауына қатаң тапсырма берді.

Полиция рейді

Сол-ақ екен, Шымкентте бірнеше күнге созылған рейд басталып кетті. Оған қатардағы сержант пен лейтенанттар ғана емес, Данияр Мейірханның өзі бастаған майорлар мен подполковниктер де қатысты. Полицейлер күндіз-түні күшейтілген режимде жұмыс істеп, бірі жолда кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, тексерсе, енді бір тобы жол бойында тұрған көліктерді де ақылы айыптұрағына алып кетті.

– Тексеру барысында анық болғаны, көлігіне VIP-нөмір таққан жүргізушілер жол жүру ережесін жиі бұзады, – дейді Данияр Мейірхан. – 102 адам ешқандай құжатсыз көлік басқарған. Жалған нөмір таңылған көліктер де кездесті. Ал ең көп тіркелген факті – көліктің алдыңғы терезелерін күңгірттеп алу.

Полиция подполковнигінің айтуынша, тәртіп бұзған қалталы азаматтардың барлығы дерлік инспекторлардың көз алдында көліктеріндегі күңгірт жапсырманы өздері-ақ алып тастаған. Ал олардың саны аз емес – екі күндік рейдте осындай 226 көлік тоқтатылған.