Шымкентте педагогтардың көркемсурет көрмесі өтті

731

«Суретшілер әлемі». Шымкентте осындай тақырыпта көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Шараның ерекшелігі сол – ондағы қылқалам шеберлерінің еңбектері әуесқой емес, кәсіби мамандардың қолынан шыққан.

Темірәлі Айдарбеков
Темірәлі Айдарбеков

Темірәлі Айдарбеков – бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі. Төлеген Айбергенов атындағы білім ұясында 35 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Көбіне табиғат пен ондағы тылсым құбылыстарға қалам тербейтін қылқалам шебері бүгінгі мәдени шарадан да шет қалмады. Мұнда 30-ға тарта туындысы қойылған.

Темірәлі Айдарбеков, суретші: «Менің еңбектерім қазақы құндылықтарымен ерекше, ауылдағы тыныс-тіршіліктің иісі аңқып тұрады. Әрдайым оның мағынасына баса назар аударамын. Және оның салыну технологиясын зерттеп болып кірісемін жұмысқа. Сурет, бейнелеу өнерінің әлемі менің жан-дүниемдегі сырды қағазға түсіреді дер едім.»

Көрмеде бір емес, елуге тарта педагогтың жұмыстары қойылды. Қуантарлығы – қатысушылар үшін тақырыптарға шектеу болған жоқ. Бұл бастама көрмеге жастардың да жолдама алуына сеп болған. Өнердің осы саласына енді ғана бетбұрған жандар аз-кем еңбегінің еленіп, көрменің төрінен табылғанын айтып, қуанды.

Фариза Құланова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі: «Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмайын. Бүгінгі шарада алғаш рет менің 10 туындым таныстырылды. Оны келіп, көріп, оң бағасын бергендер де көп болды. Шығармашылығымдағы жеңіс осы болса керек. Бұл қадам мені қанаттандырды деп айта аламын.»

ұстаздардың туындылары

Сонымен өңіріміздегі бейнелеу өнері пәнінің педагогтары арасында өрбіген шарада олардың 300-ге тарта туындылары таныстырылды. Автопортреттер, пейзаж, натюрмортпен өзге де бейнелеу өнерінің жанрлары жаңа, заманауи бағытта да ұсынылды. Ал арасында ерекше еңбектің авторлары  ұстаздар қауымының тағайындаған алғыс хаттарына ие болды. Енді кәсіби суретшілердің еңбегі күнгейліктердің назарына апта бойы таныстырылмақ.