Созақта ит қапқан қыз дүние салды

564
Құтыру

Оңтүстікте тағы бір адам құтырудың кесірінен қайтыс болды. Созақ ауданындағы 14 жасар қыздың дертке шалдыққаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Құтыру

Санитар-дәрігерлер бүгін мектеп оқушысының қаза болғанын ресми түрде растады. Алайда қауіпті ауруға байланысты тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мен облыстық ветеринария бөлімі мамандарының берген ақпараттары бір-біріне қарама қайшы.

Құтыру ауруынан қаза болған қыз Созақ ауданы, Қыземшек ауылында тұрған. Мектеп оқушысын 2015 жылдың 26 желтоқсаны күні ит тістеп алған екен.

Алайда науқас бірден медициналық көмекке жүгінбеген. Тек денсаулығының нашарлауына байланысты 9 ақпан күні жасөспірімді ата-анасы ауруханаға жатқызған. Науқасқа бірден «құтыру ауруын жұқтырған» деген диагноз қойылыпты.

Бұл – өңірімізде жыл басынан бері орын алған үшінші оқиға. Соңғы жағдай бойынша алғаш болып ветеринар мамандар хабарлаған болатын. Алайда, оқушыға «құтыру» дерті жұққанын нақтыламаған еді.

Ветерианарлар берген бұл ақпаратты облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері растамады. Олардың мәліметінше, оқушыны тістеген итті қыздың әкесі өлтірмеген.

Қазіргі таңда марқұммен қатынаста болған тағы 21 адам анықталып, барлығын дәрігерлер бақылауға алған. Олар ем-домын қабылдап жатқан жандарға келер қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Айтпақшы, мамандар барлық аудан-қалаларда құтыруға қарсы егу жұмыстарының жүргізілгенін айтып, ақталып отыр.