Тұрғын үй, құрылыс жинақ банкінің салымшылары өтемақы алады

414

Қазақстанның тұрғын үй, құрылыс жинақ банкі валютаның жаңа бағамын ескере отырып, өз салымшыларына өтемақы төлей бастады. Оны 2015 жылдың 18 тамызына дейін депозитке 1 млн теңгеден асатын қаражат құйған азаматтар ала алады. Бірақ, бұл ереже күнгейлік салымшыларға қатысы жоқ. Өңірдегі филиал басшылығы клиенттеріне қандай да бір шектеу қоймапты.

Шымкенттегі ХҚКО-ның бас корпусында банктің екі маманы жұмыс істеуде. Олар өңірде өтемақы алатын 27 900 салымшыға қызмет көрсетеді. Әр клиентке жеке көңіл бөлініп, қайта келісім жасалады. Ол үшін тұрғын үй, құрылыс жинақ банкі берген құпия кілттің болғаны ләзім.

Мөлдір Керімқызы, «Тұрғын үй, құрылыс жинақ банкі» АҚ менеджері: «Клиент міндетті түрде өзі келуі керек. Және электронды қолтаңбасы болу керек. Сол арқылы өтініш жазып, алып қаламыз. Қосымша екінші  келісім-шарт жасалады.»

Тұрғын үй, құрылыс жинақ банкінің клиенттерінің 467 мыңымен қайта келісім-шарт жасайды. Оларға 172 млрд теңге көлемінде өтемақы төленеді. Банк қызметкерлерінің айтуынша, бұл мақсатта банктің өз қаражатымен қоса мемлекет бюджетінен де қаржы қарастырылған. Ал ОҚО-дағы филалда 32 мың салымшының 27 900-і бірінші шілдеге дейін 19,2 пайыз өтемақы алады. Келер жылы 16,3 пайызы төленеді. Бір ерекшелігі, күнгейлік клиенттерге жеңілдік жасалған.

Эльмира Рахимова, тұрғын үй, құрылыс жинақ банкінің ОҚО филиал басшысының орынбасары: «Біздің барлық салымшылардың есеп-шотында қанша сома болса, соның барлығына өтемақы төленеді. Мысалы, басқа банктерде 1 млн теңгеге дейін ғана өтемақы төленетін болса, бізде 1 миллион теңгеден жоғары болса да өтемақы төленеді.»

Банк басшылары тұтынушылары арасында түрлі пікір тудырмас үшін өтемақы берілмейтіндердің тізімін саралап шықты. Олардың қатарында мамыр айының 31-не дейін келісім-шартқа қайта тұрмаған клиенттер де болады.

Эльмира Рахимова, тұрғын үй, құрылыс жинақ банкі ОҚО филиалы басшысының орынбасары: «2018 жылға дейін несие алғандардың шоттарына өтемақы төленбейді. Одан кейін мемлекеттің есебінен мемлекеттік бағдарлама бойынша сату-сатып алу келісімін жасап қойғандарға ақша берілмейді. Өйткені олардың үйлерінің бағасы сол баяғы бағам бойынша теңгемен келісімге тұрған. Олардың теңгелерінің құны өзгерген жоқ.»

Тұрғын үй, құрылыс жинақ шарттарына жасалатын қосымша келісімге қол қою 8 ақпаннан басталып, 31 мамырға дейін жалғасады. Сондай-ақ, өтемақы алу үшін ҚТҚЖБ-мен жасалған келісімге www.egov.kz порталында немесе банктің www.hcsbk.kz ресми сайтында электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қол қою керек.