Төле би ауданында дуальды білім жолға қойылған

581

Қазіргі кезде қолданылып жүрген оқытудың дуальды жүйесі — кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол – кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда өтеді.

Бұл жүйе Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция сияқты дамыған елдерде табысты жұмыс істеуде. Іс жүзінде дуальды оқыту үлгісі – бизнестің, болашақ маман мен мемлекеттің мүдделерінің бірлестігі.

Ал Төле би ауданы, Ленгір қаласындағы №8 кәсіптік колледжде бұл жүйе толығымен жүзеге аспайды. Өйткені аталған ауданда алып түгілі шағын өндіріс орындары жоқ. Студенттер облыс орталығына сабылғанымен, кәсіпкерлермен арнайы меморандум жасаспаған.

Ерсін Қойбеков, № 8 колледждің директоры: «Төле би ауданында үлкен өндіріс орындары жоқ. Студенттеріміздің басым бөлігі жергілікті жердегі шағын техникалық қызмет көрсету орталықтарына барады. Ал облыс орталығындағы кәсіпорындармен келісімге келу жұмыстары созылып жатыр.»

Десе де басшылық қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Білім ордасы базасында практикалық жұмыстарға көп көңіл бөлген. Мұнда тігінші, дәнекерлеуші, автослесарь және бағдарламашылар білім алатындықтан, практиканың 90 пайызы өздерінде өтеді. Ол үшін жасалған жағдай өте жақсы.

Бақдәулет Сарыбасов, студент: «Біздің колледжде практикаға көңіл бөлінген. Арнайы теориядан кейін өзімізде тәжірибеден өтеміз. Ондағы мамандар өзі ісінің шебері. Осы колледжге оқуға түскеніме қуанамын.»

Тігінші қыздар колледжге қажетті пердеден бастап еңбекке баулу дәрісінде киетін халаттарға дейін өздері тігеді. Оларға тігіннің қыр-сырын меңгерту үшін су жаңа тігін машиналары мен германиялық жабдықтар алынған.

Диана Нұртаева, студент: «Тігінші мамандығын меңгеріп жатқан тігіншілерге барлық жағдай жасалған. Үтігіміздің өзі италяндық. Біз қазір екінші курста оқимыз, өздігімізден пішіп, тігуді үйрендік. Халат тіге аламыз, арнайы киімді де тіге аламыз. Мұны колледж мұғалімдерінен басқа ешкім үйретпейді.»

Ал автослесарь мамандығын таңдағандар үшін мұнда бәрі бар. Арнайы дәріс сыныптарынан бөлек гараж да жұмыс жасайды. Көлікті құрап, ақауын өздері жөндейді.

Дәнекерлеуші мамандығын игеріп жатқан жастар ұстаздарына дән риза. Темірді балқытып, қажетті бұйым жасау олар үшін қиын емес. Білікті мамандардан үйренгенін өзгелерге көрсетіп, түрлі байқаулардан жүлделі оралып жүр.

Шәкірттер білім мен тәжірибені өндірісте ұштастырып қана қоймай, қосымша қаржы табады. Осы мақсатта колледжде арнайы кешен құрылған. Орталықта колледжде оқытылатын мамандықтарға сәйкес келетін шағын цехтар жұмыс істейді. Онда шәкірттерге жаңа кәсіп ашуына мүмкіндік бар, яғни, өздері тауар өндіріп, оны тұтынушыларға ұсына алады. Бұл да болса қосымша табыс көзі. Түскен қаржыға қажетті материалдар аламыз дейді тәлімгерлер.