Қызылжарлықтар лай су ішіп отыр

658
Қызылжар

Қызылжарлық тұрғындар лай су ішіп отырғандарын айтып, шу шығарды. Сан рет әкімдікке барып, сапалы суға қол жеткізе алмадық деген тұрғындар бұл жолы жауаптыларды алдарына шақырды. 10 жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып келдік дейді халық.

Қызылжар

 

Қызылжар елдімекенінің тұрғындары піспе құдықтан су ішіп, күнелтіп келген. Бес мыңға жуық отбасы тіршілік нәрін тасып та ішеді. Ал биыл құдық суы лайланып, ішуге жарамсыз күйге түсіпті. Былтыр Абай ауданы әкімдігінің жауаптылары су құбыры тартылады деп сендіріп келген. Алайда әлі күнге дейін лай судан құтыла алмай отырмыз дейді тұрғындар.

Қызылжар

Көпшіліктің күпті көңілі Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілештің сөзіне тоқтады. Шенеуніктің мәлімдеуінше, елдімекен тұрғындары таза су ішетін күн жақын. Ол үшін бюджеттен 350 млн теңге бөлінген. Мердігір мекеме мамыр аяғында құрылысты аяқтап, қолданысқа тапсыруы тиіс екен. Нәтижесінде 2 600 отбасы таза суға қол жеткізеді деп сендірді әкімнің орынбасары.

Қызылжар

Қоса кетейік, биыл Шымкент қаласы бойынша 8 елдімекенге ауызсу жүргізіледі. Облыс орталығы тұрғындарының 85 пайызы таза сумен қамтылады.

Нұрлан Жаңабай