Бейбіт Атамқұлов облыс халқын мерекемен құттықтады

267
Бейбіт Атамқұлов
Бейбіт Атамқұлов

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов өңір халқын мерекемен құттықтады. Биылдан бастап 1 наурыз елімізде алғыс айту күні ретінде атап өтіледі.

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Бейбіт Атамқұлов
Бейбіт Атамқұлов

Мемлекет басшысының жарлығымен 1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланды. Елімізде тұңғыш рет аталып өтетін айтулы күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейтіні анық.

Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің Қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында тұңғыш рет аталып өтетін мерекенің біз үшін маңызы ерекше.

Бүгінде көгінде көк туы желбіреген егемен елімізде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, туған тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеді. Жүзден астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып, ел болып қалыптастыруда Елбасымыздың еңбегі ерен. Бұны біз мойындауымыз керек.

Қоғамдағы келісімді ұйыстыру, этномәдени бірлестіктермен байланысты жандандыру бағытында өңірімізде үйлесімді жұмыстар жасалуда. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің бастамасымен «Қазақ еліне мың алғыс» монументін тұрғызуда. Бұл үлгілі істі біз барша этностардың Қазақ еліне деген қадір-құрметінің бір белгісі деп білеміз.

Алғыс айту күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ұйытқысы атанған қасиетті оңтүстік өңірінің тұрғындары – барлық өзге өңірлерге өнеге болуы тиіс.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстан жерінде шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, ізгілікті істеріңіз толағай табыс пен ырысқа толғай!

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі – Бейбіт Атамқұлов