Мақтааралда тек жастардан құралған ұрылар тобы ұсталды

208
Ұсталғандар

Оңтүстікте мал ұрлығын «кәсіп» еткен қылмысты топтың жолы кесілді. Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 5 адамнан құралған қылмысты топты әшкереледі. Ола аудан аумағында ірі көлемдегі мал ұрлығымен айналысып келген.

Ұсталғандар

Ұсталғандардың барлығы да 1994 және 1997 жылдары туған. Жергілікті тұрғындар. Біреуі осы уақытқа дейін сотты болып үлгерген.

Тергеушілер күдіктілердің жыл басынан бері кемінде 7 рет мал ұрлағандарын анықтады. Соның салдарынан жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 3 миллион теңгеден асып отыр.

Нақты айтқанда, соңғы мал ұрлығы 6 наурыз түні тіркелген. Жас жігіттер Дархан аулының 40 жастағы тұрғынының ауласындағы 4 ірі қара малды қолды етіп, жәбірленушіге 600 мың теңге шығын келтірген.

Одан әрі ұрлап шыққан малды «Газель» көлігіне артып, көрші аудандағы сауда нүктелеріне өткізіп жіберіпті. Полицейлер айғақ зат ретінде бірер малды тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды.

Қазір осы жайт бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.