Наурыз айтысының бас бәйгесін Қажымұхан жеңіп алды

427
Бас бәйге - Қажымұханда

Күнгейде миллионер ақын анықталды. Наурыз жыр-айтысының бас бәйгесіне қомақты қаржы – 1 миллион теңге тігілді. Бас жүлдені жерлесіміз Қажымұхан Абзалов жеңіп алды! Бірінші орынды (700 мың теңге) павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев иемденді. Екінші орынды (430 мың теңге) Оңтүстіктің ақындары Нұрлан Есенқұлов пен Біржан Байтуов және астаналық Еркебұлан Қайназаров еншіледі.

Бас бәйге - Қажымұханда
Бас бәйге – Қажымұханда

Үшінші орынды (300 мың теңге) жерлесіміз Анар Жаппарқұлова, Қызылорданың ақыны Мөлдір Айтбай, қостанайлық Айбек Қалиев місе тұтты. Ал өзге де 8 ақынға (Қалижан Білдәшев, Бауыржан Шаймерденов, Кәрима Оралова, Нұрғали Әнапия, Дәурен Ақсақалов, Мұхтар Ниязов, Мақсат Аханов, Жарқынбек Наушабек) қатысқаны үшін ынталандыру (200 мың теңге)  сыйлығы табысталды.

_MG_7025
Биылғы дәстүрлі айтыс ел тәуелсіздігінің – 25, Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының – 200, Қазанғап Байболұлының 125 жылдығы құрметіне орайластырылған.

Айтыссүйер қауым алғашқы жұпты көргенде, ақындардан бұрын қобалжуды сезінгенін байқадық. Себебі, көпшілік қос тарапты еліміздің жас қана емес, бас ақындары ретінде жақсы таниды. Аспанбек Шұғатаев – өткен жылы күллі алаш көз тіккен алтын домбыра жүлдесін қанжығасына байлаған. Ал жерлесіміз Біржан Байтуов жыл бұрын дәл осы наурыз айтыстың бас бәйгесін жеңіп алған еді. Бүгінгі сахнада олардың құрдастық, қалжыңға толы жыр жолдары қайта көрініс тапты. Десе де сөз соңында қазылар алқасының шешімімен Біржан ақын бір ұпай басым баға алды.

_MG_6908

_MG_6823

Біржан Байтуов,  ақын: «Әттеген-айы бар, қобалжу болды ма, әлде, алғашқы болып сахнаға шыққандықтан ба, ойымды толық жеткізе алмаған сияқтымын. Бір дүние айтылмай қап кеткен сияқты, бірақ не екенін білмеймін. Маған көпшілік сен шаппа-шап айтысасың, ұрысқан сияқты дейді, бірақ, менің ойымша сөзбен, өлеңмен беттен алып, төске шабу арқылы ақын суырып салма қабілетін айшықтайды».

Наурыз айтысы биыл 10-рет қолға алынып отыр. Жыр додасының ақтық сынына еліміздің 16 бірдей суырып салма ақындары жолдама алған. Олар айтысқа тарихи тақырыптарды, оның ішінде ел тәуелсіздігінің – 25, Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының – 200, Қазанғап Байболұлының 125 жылдығын арқау етуі тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл үшін ақындарға бар жағдай жасалған.

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Ақындарымызға тақырыптар алдын ала айтылды. Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының басына барып, құран бағыштап, олардың өміржолымен етене танысты. Кешелі бері жеребе тасталып, жұптары анықталып, өзара сұхбатты да жүргізуде. Сонда сахнада да тосылып қалмайды. Ақындар мұндай мүмкіндіктер арқылы жыр-қазыналарын жинап, халыққа ұсынып отыр дей аламын».

_MG_7043

Айтыстың ерекшелігі – бұл ғана емес, сахна төрінде жас ақындардың тұсауының кесілуі болды. Күнгейдің намысын қорғағандар арасында мектеп оқушылары да кездесті. Жасы небәрі 17-ге келген Нұрғали Әнапия мен өзге де азулы ақындардың айтысын Әселхан Қалыбекова төрайымдық еткен қазылар алқасы бағалап отырды. Ал осы сәтте айтыссүйер қауым да өз таңдауларын жасап, сөз дүлдүлдерінің ұтымды да, ұтқыр ойын таразылады.