Оңтүстікте тағы бір бала ұрлау қылмысы ашылды

534

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір бала ұрлау қылмысы ашылды. Түлкібастың полицейлері ұрланған баланы тауып, күдіктіні ұстап отыр.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 наурыз күні кешке Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасына ауылдық учаскелік инспектордан суыт хабар келіп түседі. Тәртіп сақшысы Састөбе аулында 5 жасар баланың жоғалып кеткенін мәлімдейді.

Оқиға орнына тез арада жеткен жедел-тергеу тобы сағат 17:30 шамасында 2011 жылы туған балақай ойын қуып, үйінен шығып, қайта оралмағанын анықтайды.

Полицейлер баланы көрген азаматтар мен өзге балардан сұрастыру барысында жоғалған бүлдіршінді балмұздақ және тәттілер алып беремін деп, белгісіз әйел өзімен бірге алып кеткенін анықтайды.

Оңтүстікте тағы бір бала ұрлау қылмысы ашылды

Тәртіп сақшылары тез арада барлық полиция бекетіне баланың жоғалғаны жайлы бағыттама жолдап, бұл фактіні сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркейді.

Жедел іздестіру іс-шараларын жалғастырған полицейлер санаулы сағаттардан соң жоғалған баланы көрші ауылдағы күдіктінің үйінен тапты. Бүлдіршінді алып кеткен 30 жастағы Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары баланы дені сау, ешбір зақым келмеген күйде ата-анасына табыстады.

Оңтүстікте тағы бір бала ұрлау қылмысы ашылды

Қазіргі таңда тергеушілер оқиғаның орын алу себептері мен жолдарын анықтауда. Күдікті азаматша қамауға алынған. Оның үстінен қылмысты кодекстің 125-бабы (адам ұрлау) бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Оңтүстікте тағы бір бала ұрлау қылмысы ашылды

Ал жоғалған 5 жасар баланың ата-анасы Түлкібас ауданының полицейлеріне кәсіби шеберліктері үшін алғыс айтты.