Оңтүстікте халықаралық инвестициялық форум өтеді

188
Облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев

Оңтүстікте халықаралық инвестициялық форум өтеді. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев хабарлады. Облысты шетелге танытуды дамытып, өңірге шетел инвестициясын тарту мақсатында ұйымдастырылатын «Ontustik Invest – 2016» форумы 28-29 сәуір күндері «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде өтпек.

Облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев
Облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев

Халықаралық жиын кезінде шетелдік қатысушылар еліміздің, оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысының инвест мүмкіндіктерімен танысып, өңіріміздің экономикадағы басым бағыттары – ауыл шаруашылығы, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика салалары аясындағы маңызды мәселелерді талқылайды.

Осылайша күнгейде екі күн бойы өтетін форум екі жақты әріптестік орнату мен іскерлік байланысты нығайтуда шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің, мемлекеттік орган өкілдері мен ұлттық компаниялардың іскерлік алаңына айналады.

– Ауыл шаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика салалары біздің өңір үшін маңызды тақырып. Себебі, бұл салалар басқа өңірлермен, елдермен салыстырғанда біздің аймақта жақсы дамыған, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Сондықтан, өңірге шетелдік инвесторлардың қызығушылық танытуы заңдылық. Мәселен, көршілес Қытай мемлекетінде біздегі органикалық таза, сапалы тағамдар жоғары сұранысқа ие. Ондағы баға ұсынысы да біздің кәсіпкерлердің көңілінен шығады. Бүгінде келіссөздер жүргізілуде. Міне, осындай жан-жақты жұмыстардың арқасында облыс шаруалары өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алады. Сол себепті, бұл форумның ОҚО үшін маңызы зор.

Инвестициялық форумға шетелдік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, бизнес-қауымдастықтар, орталық және жергілікті орган қызметкерлері мен ұлттық компаниялар, даму институттарының мамандары, жалпы саны 500-ден астам өкіл қатысады деп күтілуде. Дәл бүгінгі жағдай бойынша 12 мемлекеттен 300-ге жуық делегаттың келетіні анықталған. Екі күндік форумның бірінші күні шетелдік кәсіпкерлер облыстағы индустриалды аймақтарды аралап, меморандумдар түзсе, екінші күні негізгі форум жұмысына кірісетін болады. Ал форумның күнделікті жаңалықтарын ontustikinvest.kz сайты арқылы алып отыруға болады.