Полиция көлігі қаққан азамат ауруханада қайтыс болды

283
Полиция көлігі қаққан азамат ауруханада қайтыс болды

Шымкентте полиция көлігі қаққан жаяу жүргінші қалалық жедел жәрдем ауруханасында 27 наурыз күні таңертең қайтыс болды. Ол азаматты жол жүру ережесін бұзған басқа көлікті қуып бара жатқан полиция экипажының көлігі 16 наурыз түні қағып кеткен болатын.

Полиция көлігі қаққан азамат ауруханада қайтыс болды

Тез арада жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген жәбірленуші алғашында жансақтау бөлімінде, кейінірек нейрохирургия бөліміне жатты, деп хабарлайды дәрігерлер.

Полиция көлігі қаққан азамат ауруханада қайтыс болды
Мұхаметқали Сариев.

– 1981 жылы туған науқас ауруханаға ес жимаған үйі жеткізілді, – дейді нейрохирургия бөлімінің дәрігері Мұхаметқали Сариев. – Науқастың ашық бас-ми жарақаты бар, басының самай сүйегі мен оң жақ жамбас сүйегі сынған. 3-4-дәрежелі жарақаттан кейінгі шок болды. Жақында нейрохирургия бөліміне ауыстырылып, ем алып жатқан. Аздап сөйлеп, байланысқа түсіп тұратын. 27 наурыз күні таңғы сағат 7-де науқастың жағдайы күрт нашарлап кетті. 20 минут бойы тиісті көмек көрсетілгенмен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады…

Жол апаты болған күннің ертеңіне облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы тілшілерге арнап, баспасөз жиналысын өткізіп, жаяу жүргіншіні қағу оқиасы жайлы мәлімет берді.

Оған сәйкес, 16 наурыз түні сағат шамамен 22:20 шамасында Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясы полкының көліктегі экипажы Арғынбеков және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында қоғамдық тәртіпті күзетіп тұрады. Инспекторлар осы қиылыста жол жүру ережесін өрескел бұзған Лада Приора көлігін тоқтатады.

«Жүргізуші бірнеше метр жерге барып тоқтайды. Дегенмен, оның жүргізушісі қасына инспектор келгенше орнынан бірден қозғалып, Арғынбеков және Қазиев көшелерінің қиылысына қарай қашып кетуге әрекет жасайды. Полиция көлігіне мінген тәртіп сақшылары қашқан көліктің соңынан қуа жөнеледі. Инспекторлар осы мақсатта жарық белгісі мен дауыс дабылын қолданып, жүргізушіден тез арада көлікті тоқтатуды талап еткен.

Лада Приора көлігінің жүргізушісі бұл талапқа бағынбай, қатты жылдамдықпен келген күйі солға қарай бұрылмақ болған сәтте жолдың ортасында тұрған электр бағанасы мен бағдаршамды соғады. Осы уақытта дәл осы маңдағы жаяу жүргіншілер жолағында тұрған 35 жастағы қала тұрғыны өзіне қарай келе жатқан Лада көлігінен қашпақ болып, Арғынбеков көшесінің жүру жолағына шыққанда оны патруль көлігі соғады.

Шымкентте жаяу жүргіншіні полиция көлігі қағып кетті

Полиция қызметкерлері жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметкерлері шақырып жатқанда тәртіп бұзған адам оқиға орынан қашып кеткен.

Алайда қашқан жүргізуші екі күннен кейін ұсталды. Ол – Шымкентте жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматы болып шыққан. Бұған қоса жергілікті қалалық полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан қызметтік көлігімен адам қаққан тәртіп сақшыларының әрекеті жазылған бейнежазбаны жария етті.

Ол кадрларда ақ түсті Лада жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өткені байқалып тұр. Мұны көрген экипаж қызметкерлері Ладаны тоқтатуға тырысады. Бірақ жүргізуші бұған бағынбастан, қаша жөнелген. Тәртіп сақшылары дабылын үзік-үзік қосып, жыпылықтаған белгісімен бірден соңына түседі. Жоғары жылдамдықпен қаша жөнелген жүргізуші темір тұлпарын игере алмай, ақыры апатқа ұшырайды.

Ладаның соққысынан сытыламын деп, алға қарай жүгіре шыққан жаяу жүргіншіні ақырында полицейлер мінген көлік қаққан. Қалалық жергілікті полиция бастығының айтуынша, инспекторлар күдікті көліктің соңына түскені заңды. Бірақ тәртіп сақшыларының адам қағуына қатысты уәж айту қиын дейді ол.

Полиция көлігі қаққан азамат ауруханада қайтыс болды
Данияр Мейірхан.

Данияр Мейірхан, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы: «Қашып кеткен жүргізуші жұмыс орнында ұсталды. Ол құрылыс компаниясында жұмыс жасайды. Белгілі болғаны, ол Өзбекстан азаматы екен. Біраз жылдан бері Шымкентте тұрады. Айта кету керек, жергілікті полиция қызметкерлерінің әрекетіне толық тексеруден соң баға беріледі. Өйткені, Лада автокөлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, бағынбай кетіп, ізін суытпақ болады.»

Көрші ел азаматы 2002 жылдан бері Шымкентте тұрады. Оның жүргізуші куәлігі де Өзбекстандікі. Ұсталғанның айтуынша, ол бір күн бұрын сыра ішкен екен. Онысын сездірмес үшін полицейлерден бой тасалауға тырысыпты.

Полиция көлігі қаққан азамат ауруханада қайтыс болды
Полицейлерден қашқан Лада көлігінің жүргізушісі.

– Мен балаларыммен кетіп бара жатқанда полицейлер тоқтауымды талап етті. Кеше ғана ішкендіктен, иісі білініп тұрды. Сондықтан қашып кетпек болдым. Бірақ, рөлді басқара алмай қалып, қарсы алдымнан шыққан көліктерді соқпас үшін жолдың шетіне шығып кетті. Не болғанын түсінбей қалдым. Көліктің ішіндегі екі балам қатты қорқып, жылап қоя берген соң үйіме кетіп қалдым, – дейді жүргізуші.

Қылмысты істі зерделеп жатқан сарапшылар экипаж көлігіне жазылған бейнежазбаны зерттеп жатыр.

Қазір осы қайғылы жағдай бойынша қылмысты кодекстің 345-бабының 2-бөлігі (көлік құралын басқарған тұлғаның жол жүру тәртібін немесе көлік пайдалану тәртібін бұзу) бойынша іс қозғалған. Сотқа дейінгі тексеру жүруде. Ал қайтыс болған азаматтың денесіне сараптама тағайындалды.