//
Мақтааралда мақта тұқымы тапшы Жаңалықтар 

Шаруалар: “Мақтааралда мақта тұқымы тапшы”

Оңтүстікте мақта тұқымы тапшы. Мырзашөлдік шаруалар егін науқаны жақындағанда осындай кедергіге тап болып отыр. Жер емген дихандар өңірде шит жетіспейді, тапқан күнде де тұқымның бағасы удай қымбат деп дабыл қағады. Шаруалардың сөзіне сенсек, арзан бағада тұқым сататын жергілікті мекемелер күні ертең дайын өнімді қабылдау кезінде мақтаның бағасын төмендетіп жібереді деп қауіптенеді.

Мақтааралда мақта тұқымы тапшы

Оншақты жылдан бері 13 гектар алқапқа мақта егіп келген Жұрынбаевтар отбасы биыл дал болып отыр. “Жерді баптап, егін науқанын күтіп жүргенде тұқым бағасы шарықтап кетті” дейді шаруа. “Он гектардан асатын егін алқабына орташа есеппен 300 келі шит қажет, оны сатып алатын шамамыз жоқ” дейді жыларман халдегі диқан.

Былтыр шаруалар шиттің келісін 120-140 теңгеден сатып алғандарын айтады. Биыл тұқымның бұл түрі екі-үш есеге қымбаттап, шаруаларды тығырыққа тіреп тұр. Егін науқаны жақындағанда не істерін білмей дал болған дихан қауым алыпсатарлар оңтайлы кезеңді пайдаланып отыр деп күдіктенеді.

Иін тірескен көлік шиттің кезегінде тұр. Шаруалардың көңілін күпті еткен мәселенің мән-жайын білу үшін біз тұқым шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың біріне бардық. Қыз-қыз қайнаған қарбаласта зертхана меңгерушісі Жандарбек Әбеновті әңгімеге тартып көрдік.

Оның айтуынша, мақта шиті тек тиісті құжаттары бар шаруаларға ғана үлестірілуде. Меңгерушінің сөзіне сенсек, дихандар тұқымды егін алқабының әрбір гектарына 25 келіден ғана ала алады. Шиттің бір келісін 160 теңгеден үлестіріп отырған тұқыммен қамтушылар шаруалардың мақта қабылдау кезінде бағаны қолдан арзандатады деген қаупін жоққа шығарды.

Алайда, жауаптылар тұқым тапшылығын жасырмайды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары мұндай жағдайды биыл мақта егілетін алқап көлемінің артуымен байланыстырады. Алдын ала болжамға сай, биыл ауданда 83 мың гектарға мақта дақылы егіледі деп күтілуде.

Осыншалықты алқапқа қажетті 2200 тонна тұқымның 350 тоннасы Қытайдан тапсырыспен алдырылған. Жауаптылардың сөзіне сенсек, шаруаларды қымбат бағасымен шошытып жүрген тап осы қытай тұқымы. Алайда мамандар шетел асып келген шит өнімді көп береді деп отыр.

Демек, өнімнің түсімін еселеу үшін қымбат тұқым алып, тәуекелге баруға болады. Ал жергілікті шиттің сапасының төмендігін мамандар топырақтың құнарсыздығымен байланыстырады. Дегенмен, нарықтың қыр-сырын меңгере бастаған шаруалар да мұндай қадамға барудан қорықпайды. Алайда жомарт диқанның қолын жоқтық байлап тұр.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz