Шымкентте көктемгі әуендер шырқалды

398

«Көктемгі әуен». Облыстық опера және балет театрының ұжымы осындай тақырыпта сазды-лирикалық ән кешін өткізді. Онда бекзат өнердің әлемдік деңгейдегі тұщымды туындылары шырқалды. Ел арасында ұмытылар шегіне жеткен опералар да кеште орындалып, тыңдармандарды тәнті етті.

Мәдіхан Дүйсеев

Мәдіхан Дүйсеевтың облыстық опера және балет театрында қызмет етіп, бекзат өнерді дәріптеп жүргеніне 5 жылдың жүзі болған. Өнер иесі сахнаның сырын аз-кем меңгергенімен, бүгінгі кештегі күйінің бөлек екенін жасырған жоқ. Себебі әлемдік шарықтау шыңына жеткен «Евгений Онегин» операсын қазақ сахнасында араға 7 жыл салып ұсынып отыр.

Мәдіхан Дүйсеев, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Әрине, үлкен қобалжуды сезіндім, мен үшін күрделі опера болды. Бірақ, үлкен ізденіс пен дайындықтың нәтижесінде ойдағыдай орындап шықтым. Чайковскийдің бұл шығармасын шырқау үшін оның өмірбаянын зерттедім, еңбекті оқып шықтым, тақырып турасында фильмді тамашаладым. Нәтижесінде өзімнің түйген ойымды көрерменге жеткіздім деп ойлаймын.»

3

«Көктемгі әуен» сазды-лирикалық кешіне ұжым 1 ай дайындалған. Сезімнің сұлулығы мен қоғамдағы шынайы өмір, ондағы адамның ақ пейілі көрініс тапқан туындыларды тыңдауға келген көпшіліктің де қарасы қалың, олар үшін театр әншілері әлем жаһұттары – Латиф Хамиди мен Джордж Бизенің шығармаларын шырқады.

Айта өтетін ақпар, облыстық опера және балет театры көктемгі қуаныш сезімдері баяндалатын сазды шарада көпшілікке 24 шығарманы ұсынды. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен кешке ұжымның 100-ден астам өкілі жұмылдырылыпты. Ал сезімге тұнған тұщымды бағдарлама алдағы аптада тыңдарман қауымға қайта қойылатын болады.