//
Шымкенттің полицейлері видео-құрылғыны пайдаланады Жаңалықтар 

Шымкенттің полицейлері видео-құрылғыны пайдаланады

Жол ережесін бұзған жүргізушілердің енді тәртіп сақшыларымен өзара “келісуі” екіталай. Бүгіннен бастап Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жол-патрульдік полициясы полкінің қызметкерлері кеуделеріне камера орнатылған құрылғыны тағып, жұмысқа кірісті. Кез келген тәртіп бұзушылыққа жол берген жүргізуші мен полицейдің екеуара әңгімесі бейнетіркеуішке түгелдей жазылады. Демек, қос тараптың да бұдан былай байқап сөйлеуіне тура келеді.

Шымкенттің полицейлері видео-құрылғыны пайдаланадыЕлімізде жол сақшыларының кеудеге бейнетіркеуіш тағып, жұмыс істеп жатқандарына 2 жылдан асып барады. Жаңа жүйе енді жергілікті полиция өкілдеріне де жетті. Құрылғы жемқорлыққа жол беретін әрекеттерді әшкерелеп, тәртіп сақшылары мен жүргізуші қауымды тезге салады дейді құзырлылар.

Құрылғыда шағын бейнекамера, диктафон орнатылған. Камераның жады – 8 гигабайт, қуаттылығы 8-12 сағатқа дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бейнетіркеуішке рацияны да қосуға болады. Нормативті құқықтық актілерге сай полиция өкілдеріне камера аясынан тыс жерде азаматтармен сөйлесуге тыйым салынған. Бейнетіркеуіште жол сақшысы мен жүргізушінің әңгімесінен бастап хаттама толтыру процесі түгелдей жазылады.

Қазір интернетте тәртіп сақшылары мен көлік жүргізушілерінің диалогынан жазылған жазбалар толып жатыр. Бірінде полиция өкілі дөрекілік танытса, бірінде жүргізушілердің тұрпайылығы әшкере болған. Осылайша шағын құрылғы жол сақшыларының жұмысын реттеп, жүргізушілерді де тәртіпке шақырады деген сенім басым.

Құрылғы кезекшіліктен кейін тапсырылады. Ал ондағы жазбалар ішкі істер департаментінің базасына автоматты түрде жүктеледі. Бұл материал бірнеше ай сақталады. Егер азамат полиция өкілінің әрекетіне көңілі толмаса, мұрағаттағы бейнежазбалар қайта қаралып, құқықтық баға беріледі.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz