//
Мақсат Исаев Жаңалықтар 

Созақта түйе сүтін өндіру кооперативі құрылады

Созақта түйе сүтін өндіру кооперативі құрылады. Бүгінде копперативке бірігуге 20 шақты шаруа ниет білдіріп отыр. Бұл туралы аудан әкімі мәлім етті.

Мақсат ИсаевАйтуынша, шаруалар енді өнімді өңдеу мен оны өткізуде қиналмайтын болады. Ауданда атқарылар осындай ауқымды жоспарлармен таныстырған Мақсат Исаев былтырды қорытып, тілшілердің алдында есеп берді.

Былтыр теріскейде тындырылған тірлік көп. Бюджет – қомақты, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар да межеден асыра орындалған. Айта кетейік, биыл ірі қара малды асылдандыру кешенінің құрылысы қолға алынатын болады.

Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, онда мал өнімін түбегейлі өңдеу цехын салу да көзделген. Бұл үшін 400 млн теңге көлемінде инвестиция құйылады. Аталған жоба аудан экономикасына серпін беріп, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытады деп күтілуде.

Айта өтейік, былтыр аудандағы елдімекендердің 74 пайызы ауызсумен қамтылған. Бүгінде 38 ауылдың 23-не құбыр жүргізіліпті. Оның ішінде 15 елдімекеннің тұрғындары тәулігіне 24 сағат тіршілік нәрін пайдаланып отыр.

Бірақ қалғаны бірер сағатқа ғана ауызсуға болады. Бұған онша бас қатыра қоймаған әкім бірден газдандыру мәселесіне көшіп кетті. Басшының сөзіне сенсек, биылдан бастап ауданда көгілдір отын тарту ісі қолға алынады. Дегенмен, ол да тіршілік нәрі секілді түгелденбей қалмаса игі.

Қазір ауданда 20-ға жуық шаруаның басын біріктіретін түйе сүтін өндіру кооперативін құру да қолға алынды. Жауаптылар қымыран өңдейтін цех орналасатын ғимаратты белгілеп, несие алуға кепіл құжаттар әзірленуде. Жоба іске асса, шаруалар өнімді өңдеуден бөлек, оны сатудан да қиналмайды деп көлденеңінен кесті әкім. Енді сол кооперативтің көсегесі қалай көгере қоятынын уақыт көрсетеді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz