//
Жаңалықтар 

Қошқар ата өзені жеміс бағына айналуы мүмкін

Қошқар ата өзенінің аумағы жуық арада жеміс бағына айналуы әбден мүмкін. Аса қолайлы орында өскіндер тез жетіледі деген мамандардың сөзімен белсенді жастар 500 түп көшет қондырды. “Өзен жанашырлары” деп аталатын азаматтық бастаманы қолдаушылар демалыс орны аумағын мәуелі баққа айналдыруға ниет етуде.

Күн райы бұзылып, себелеп жауған жауынға қарамастан жиналғандардың қарасы қалың. “Тұран” қоғамдық бірлестігі мен белсенді студенттерден құралған 500 жас 500 түп көшетті егуге кірісті.

Ал аумағы 12 гектар, ұзындығы 2 шақырымға тең Қошқар ата өзенін күтіп-баптау дендросаябақ ұжымына міндеттелген. Алайда жауапты 1-2 қызметкер үлгермей, көктемде және күзде отырғызылатын жас өскіндер қурап кетеді. Мамандар болса аталған аумақ негізінен ағаш отырғызуға ең қолайлы орын дейді. Бастысы, бір жыл жақсылап баптаса, жасыл желек жайқалып кетеді деп отыр.

Есен Лесбаев, “Қошқар ата” бұлақ қорының төрағасы: “Көшет қондырарда жарты метр қазса, астынан су шығады. Ал бұлақ суына ағаштың тамыры ілінсе, ол өскін қурамайды. Сондықтан топырағы ылғалды жер баққа айналдыруға өте қолайлы”.

Ал өзенді сақтау мен көркейтуге бағытталған “Қошқар ата” бұлақ қоры құрылып, оған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов 100 мың теңге қаржы аударған болатын.

Дамир Жүнісов, “Тұран” талантты жастар одағының жетекшісі: “Қорға түскен қаржыға 5 жұмысшыны жалдамақпыз. Олар өзен маңын тазалап, көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын атқарады. Жалпы кез келген азамат осыған үлесін қоса алады. Өйткені бұл – біздің ортақ қаламыз. Таза ауада тек демалып қана қоймай, туристік аймаққа айналдыруға болады деп ойлаймын”.

“Өзен сақтаушысы” деп аталатын азаматтық бастама аясында демалыс орнының аумағы 500-ге жуық алма, алмұрт, шие және өрік көшетімен толықты. Енді өскінді баптауға барымызды саламыз деген жас өрендер оның күтімін де өз мойнына алып отыр.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz