«Қазпоштаны» тонағандар сотталды

210

Шымкентте «Қазпоштаны» тонағандарға үкім оқылды. Қарақшылық шабуыл 2015 жылдың 16 тамызы күні орын алған. Шардара ауданындағы «Қазпошта» филиалына түскен 80 миллион теңгені ұрламақ болғандар 11 жыл бас бостандықтарынан айрылды.

"Қазпоштаны" тонағандар сотталды

«Қазпоштаны» тонағандардың қылмысы бірден әшкере болған. Оны ұйымдастырушы ретінде
Әсет Батыршаевтың аты аталды. Ол «Қазпошта» бөлімшесіне қомақты қаражат түскенін естіп, туған інісі мен досын қылмысқа тартқан. Бөлімшеге шаруаларды қолдауға түскен 80 миллион теңгені ұрламақ болып, алдын ала дайындалған. Түнделетіп, заңсыз әрекетін жүзеге асырады. Қарауылды байлап тастап, кассадағы қаржыны ұрлай қашқан.

Дегенмен, бар болғаны 524 000 теңгені қолды қылғандар көп ұзамай ұсталады да. Қолдарына кісен салынған уақытқа дейін ұрлаған ақшаны үшке бөліп үлгерген. Қарақшы топтан бетперде, қолғап, қару тәркіленді. Топтасып қылмысқа барғандары және қару асынғандары қылмысты ауырлататын мән-жай ретінде ескерілген.

Аз ақша алған болса да олардың қомақты қаржыны жымқыруға ниетті болғандарының өзі аса ауыр қылмыс санатына жатқызылды. Енді екі тарап 15 тәулікке дейін наразылық шағым түсіруге құқылы.

Ернар Балабеков