2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жер иелері жаңа заңмен жүреді

398
2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жер иелері жаңа заңмен жүреді

Оңтүстікте жер кодексінің жаңа нормалары талқыланды. Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігінің ұйымдастыруымен өңірімізде жер кодексінің нормаларын және «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру шеңберіндегі заңнамалық актілерді түсіндіру бойынша семинар-кеңес өтті.

2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жер иелері жаңа заңмен жүреді

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуда министрлік өкілдері сала мамандары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына жер кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Жиынды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев жүргізді.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты экономикалық инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Гүлжахан Бимендина ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер тек Қазақстан азаматтарына ғана жеке меншікке сатылып, шетелдіктер мен оралмандарға белгілі бір мерзімге жалға берілетін атап өтті. Қазіргі таңда мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшікке аукцион арқылы берудің тәртіптері бекітілген.

Гүлжахан Бимендина
Гүлжахан Бимендина

– Жер учаскесі бірінші кезекте кадастрлық (бағалау) бағасын арттыруды көздейтін аукционға қойылады, – деді Гүлжахан Амангелдіқызы. – Егер екі аукционның қорытындысы бойынша учаске сатылмаса, онда оның бағасын кадастрлық құнының белгіленген ең төменгі шегіне (кадастрлық құнының 50 пайызы) дейін төмендетуді көздейтін аукционға шығарылады.

Сондай-ақ, жиында жалға берілген жер учаскелерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттары туралы да айтылды. Енді бұрынғыдай жалға алынған жерге шектеу қойылмайды. Яғни, жайылым немесе шабындық жер иелері учаскелерін банкке кепілге қойып, жалдау мерзімі бітпесе де иелігінен шығара алатын болады.

Жиын соңында ОҚО әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев барлық аудан әкімдіктеріне аталған заңнамалық актілерді халыққа түсіндіруді тапсырды.