//
Жаңалықтар 

Чернобыль ардагерлері: “Біз билікке өкпеліміз”

Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандар билікке өкпелі. Осыдан 30 жыл бұрын түскен жараның орнын жазбаса да, жылы сөздерін қимады деп наразы. Жыл сайын қатары азайып бара жатқан чернобылшілер өздеріне бөлінбейтін көңілге мұқтаж. 30 жылдық атаулы дата аясында ардақталмағандарына ашынады.

Украинадағы атом электр стансиясы жарылған шақта Бауыржан Қойшыбаев әскердегі сарбаз еді. Азаматтық борышын өтеп жүрген бозбала әлем елдерін ауыр зардаптан құтқару үшін қарсы тұрмады. Дәл сол улы аймақта залалсыздандыру жұмыстарына қатысқан. Көз алдында қаншама қатарласы ауыр дерт жұқтырып, көз де жұмған. Сол себепті де 26 сәуір күні оларға тағзым етуді борышы санайды. Ал көзі тірілерінің елеусіз қалғанына жаны ашиды.

Бауыржан Қойшыбаев, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушы: “Биыл 30 жылдық мерзім ғой. Бір сөмке сыйлық бере алмады. Ол әншейін көңіл ғой. Қалайша жергілікті әкімдік Чернобыль апатының салдарын жоюшыларды құрметке лайық деп таппайды? Мына ескерткішті жаңалау қажет. Басы бар, аяғы жоқ сияқты, тұрған кейпі осы”.

Осыдан 30 жыл бұрын, 1986 жылдың 30 сәуірі күні Украинадағы Чернобыль атом электр станциясы жарылған болатын. Чернобыль апатының салдарын жоюға 900 мың адам қатысты. Оның ішінде 30 мың ерікті Қазақстаннан аттанған. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда 600-ге жуық ардагер болса, оның 280-і Шымкентте өмір сүреді. Жыл сайын қаладағы Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысып, қаза тапқандарды еске алуға арналған ескерткіш алдында жиналады.

Рафаэль Айназаров, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушы: “Мен осы жерге үш жыл келе алмадым. Инфаркт алып, төсек тартып, жатып қалдым.  Осы уақытта біреу хабарласып, жағдайымды сұрамады. Барсың ба, жоқсың ба демеді. Аяғымнан тұрған соңғы әйеліме айттым, “Апаршы, жігіттерді көріп, жасап қалайын” дедім. Келсек, митинг жоқ. Әжептеуір ренжіп тұрмын”.

 

Тек сәуірде ғана бірін-бірі іздейтін ардагерлер бұл жолы салтанатты шарадан да кеш қалыпты. Хабардың болмағанынан жылына бір келетін митингке қатыспағандарына қапалы. Солардың бірі – Әділбек Айдарұлы. Отыз жылда бірінші рет алғыс хат алған қарияның айтары көп. Сол жылдарды көзіне жас ала еске алды. Мемлекеттің мардымсыз жәрдемақысы дәрі-дәрмегінен артылмайтыны жанын күйзелтеді.

Замандастарының зарын қалалық Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы да құптайды. Өкпелері орынды екенін алға тартады. Жылына бір рет өткізілетін митингіге жергілікті басшылардың бірі келіп қатыспайтынын әрі ешқандай қаржы бөлмейтінін алға тартты.

Сайфулин Нақбаев, қалалық Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы: “Өкпелері орынды. Салтанатты шара кеше өтіп кетті. Бірақ, әкімдіктен бірде-бір басшы қатыспады. Жастар орталығынан келіпті, олар не түсінеді дейсің? Керек десең, осы митингті өткізуге әкімдіктен сұранып, хат жаздық, қолдау сұрадық. Әкімнің орынбасарына кірдік, демеуші табыңдар да өздерің өткізіңдер деді. Сосын жыл сайынғы әдетіміз бойынша гүліне дейін өзіміз сатып алып, өткіздік”.

Десе де бірін-бірі көріп, мәз-мейрам болып қалған тағдырластар амандықтарына дән риза. Былтыр 40 ардагерін жерлеген олар жергілікті әкімдіктің көмегіне зәру екендерін айта-айта тарқасты.

 

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz